Жаңа Қазақстанның тірегі – жалынды жастар

Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қарағанды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ілияш Нұржан Ағыбайұлы сұхбат берді. «Адалдық пен әділдік» тақырыбындағы тікелей эфир «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы»  орталығында  өтті.

Бөлім басшысы кітапхана оқырмандарын 30 тамыз, Конституция күнімен құттықтап, биылғы референдум аясында қаламызда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Биыл бұл мейрам айрықша саяси мәнге ие болып отыр. Себебі, осы жылы маусым айында Ата заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдум өтті. Жаңа Қазақстанда атқарылып отырған әлеуметтік-идеологиялық, құқықтық-экономикалық жұмыстар да жаңаша форматта іске асып келеді. Конституция күнімен тұспа-тұс келіп отырған Кеншілер мерекесі де жоғары деңгейде атап өтіледі. Қос мерекені тойлау үшін жастар көбірек тартылуда. Әсіресе, need-жастар санатын барынша қамтуға тырысып жатырмыз, — деп атап өтті Нұржан Ағыбайұлы.

Айтуынша, жастардың қоғамдық іс-шаралар мен өзгерістерге пікірін білдіріп, ат салысуы – кез-келген мемлекеттің қызметінде басым бағыт. Сондықтан аталған салаларға білімді жастарды тартып, жаһандық бәсекеде олардың потенциалы арқылы қарымды жетістіктерге жетуді мақсат ету керек.

— Осы мақсатта биыл он шақты жасқа 1.5 миллион теңгелік қала әкімінің гранты табысталды. Алдағы уақытта бұл қаржыны 2 миллионға дейін көбейту жоспарлануда. Комиссия құрамында әкімшілік өкілдері емес, өздерін қалыптастырып үлгерген жас кәсіпкерлер, блогерлер болып, кейінгі буынның қарымын байқады. Сонымен қатар, қалалық жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесіп, дебат, көңілді тапқырлар ойыны қолға алынған. Ұтқырлығын қағытпа қалжыңмен көрсете білген жастардың көптігі көңіл қуантады, — деді бөлім басшысы.

Нұржан Ағыбайұлы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маңыздылығын да атап өтті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бағдарламаға биыл 350-ге жуық қарағандылық жасөспірім қатысқан. Маусымдық жұмыстар барысында жеткіншектер ағаш отырғызуға, саябақтарды, алаңдарды, аулаларды абаттандыруға, шаһарымызды көгалдандыруға үлкен үлес қосты.

— «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды, белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулыды, патриотизм сезімін ұялатып, өмірлік маңызды әлеуметтік дағдылардың дамуына ықпал етті, ал ең белсенділері үшін – табысты кәсіби мансапты құрудағы әлеуметтік лифт болды, — деп толықтырды.

Спикер қаламызда жас кәсіподақ белсенділері, студенттік қозғалыстың көшбасшылары, кәсіподақтың мүшелік ұйымдардағы жас мамандарға арнап, республикалық семинар өткізу жоспарланып отырғандығын да атап өтті.

— Жуырда ғана Орталық саябақта өткен «Қарағанды – қара өлеңнің қағбасы» атты поэзия кеші де ерекше қолдауға ие болды. Серік Сағынтай, Жанат Жаңқашұлы бастаған арқа ақындарынан бастап шет аймақтардан келген жастарға дейін ыстық ықыластарын білдіріп, белсенділік танытты. Шілде айының басында Ұлттық Домбыра күні, кешегі Абай күніне арналған челлендждер мен өнер байқаулары да Қарағанды халқының ұлттық өнер мен поэзияға деген сүйіспеншілігінің өзгеше екендігін байқатты. Мұндай басқосулар жастардың жеке шығармашылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, кәсіподақ қозғалысының ортақ мүдде мен қоғамдық ынтымақтастыққа негізделген мақсаттарын айқындауға септігін тигізеді, — деп түйіндеді Нұржан Ағыбайұлы.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»