ЖАҢА АВТОБУСТАР ЖОЛҒА ШЫҒАДЫ
Өнеркәсіпті дамыту Қорының жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы аясында Қарағанды қаласының автопарктері жаңа автобустармен толығып жатыр.
Жаңа автобустар барлық заманауи талаптарға және Евро-5 экологиялық класына сәйкес келеді. Арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандустармен және алаңшалармен, балалы аналарға арналған орындармен жабдықталған. Әр автобуста кондиционер орнатылған. Әр қоғамдық көліктің сыйымдылығы – 51 адам. Бір автобустың құны 37 млн теңге.
Осылайша тасымалдаушы компания паркі 30%-ға жаңартылды. Автобустардың орташа тозу жасы 8-ден 5 жасқа дейін төмендеді.
Қала автопарктерінің жылжымалы құрамын жаңарту әлі де жалғасуда. Өткен аптада Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Рейс» ЖМ компаниясы сатып алған 16 жаңа автобусты қарап шықты. Автобустар жақын арада таратылып, желіге шығарылады.
– Бүгінгі таңда қаланың автопарктері жылжымалы құрамын едәуір жаңартты, жұмыстар әлі де жалғасады. Сондай-ақ, жолаушылар көлігінде жол ақысын төлеудің электрондық жүйесін енгізу бойынша қызмет көрсетуші анықталды. Қарағанды автопарктері ONAY компаниясымен шарт жасасты. Компанияны таңдауда жобаны іске асыру үшін өз қаражаты, Алматыда табысты тәжірибесінің болуы, жүйе жұмысын енгізу мен іске қосудың барынша қысқа мерзімі, төлеудің баламалы тәсілдерінің болуы және картаға қаражаттың лезде түсуі сияқты факторлар негізге алынды. Компания басшылығының айтуынша, жүйені іске қосу ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған, — деді қала әкімі.
Көпжасаров Ғалым «Рейс» автопаркінің директоры: Біздің автопарктің негізі 1998 жылы қаланды. 3 маршрут бойынша жұмыс істейміз. Олар — 02, 011, 07. Қазіргі таңда әкімшіліктің көмегімен 16 жаңа автобус сатып алдық. Автобустарды қолданысқа жіберместен бұрын тиісті құжаттарын реттеп жатырмыз. Паркте жалпы — 54 автобус бар. Жаңа автобустарды арнайы бағдарламаның есебінен несиеге алдық. Негізгі мақсатымыз — тұрғындардың жағдайын жақсарту және қауіпсіздігін арттыру. Қазір пандемия уақытында автобустарды дезинфекциялап, жолаушылардың бетперде киіп, антисептиктерді қолдануын қадағалаймыз. Қоғамдық көліктерде әлеуметтік арақашықтықты сақтау, әрине, қиын. Сондықтан да, жаңа әрі ауқымдырақ автобустармен қамтамасыз етуді жөн көрдік. Біздің автопарк қала әкімдігімен тікелей байланыста және түрлі мәселелер төңірегінде өзара ақылдасып отырады. Бүгін қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, жаңа автобустарды көріп кетті.
Алдағы 2-3 жыл ішінде облыстың барлық ірі қалаларында қоғамдық көліктерді барынша жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар, ауданаралық және облысішілік рейстерді автобустармен жабдықтау да қолға алынады.Бұл туралы алғаш рет маусым айында Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім еткен еді.
Қазір өңірде тұрақты маршруттардағы тозған автобустардың үлесі 47,7%-ға дейін төмендеді. Бұған өнеркәсіпті дамыту қорының жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша жаңа автобустар сатып алу ықпал етті. Соңғы жылдары осы бағдарламаның арқасында Қарағандыға 105 жаңа автобус жеткізілді. Биыл тағы 24 автобус сатып алынды, ал жақында тағы 16 жаңа автобус жеткізілді.
— Автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау 210 тұрақты маршрутта жүзеге асырылады, онда 1 600 бірлік автобус паркі бар 60-қа жуық тасымалдаушы жұмыс істейді. 338 ауылдық елді мекеннің 154-і тұрақты автобус қатынасымен қамтамасыз етілген, – деген болатын Саят Шаймин.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»