Жаңа атау – жаңа мәртебе
Қарағанды техникалық университетіне академик Әбілқас Сағыновтың есімі берілді. Ол 30 жылдан астам уақыт Қарағанды тау-кен институтының, кейін 1955–1988 жылдары политехникалық институттың басшысы болған.
Әбілқас Сағынов — Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Социалистік Еңбек Ері. Еңбек жолын «Прибалхашстрой» тресінің Өспен кенішінде моторист болып бастаған. Кейін Қарағанды тау-кен техникумына оқуға түсіп, көп ұзамай Днепропетровск атындағы тау-кен институтына ауысты. Оқуын тәмамдаған Сағынов Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында учаске бастығы, бас инженер, шахта директоры, көмір тресі техникалық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды, «Қарағандыуглеразрезы» тресінің бас инженері де болды.
1951 жылы Әбілқас Сағынов диссертация қорғап, Қарағанды ғылыми- зерттеу көмір институтының директоры болып тағайындалды. Ал 1955 жылы политехникалық болып қайта құрылған Қарағанды тау-кен институтының директоры болды. 33 жыл ректор болған соң, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кафедрасының меңгерушісі болды. Жоғары білім беруді дамытудағы және халық шаруашылығына арналған білікті мамандар даярлаудағы зор еңбегі үшін Сағыновқа «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі табысталды. Тау жыныстарының механикасы бойынша авторлық ұжым құрамындағы жұмысы үшін оған ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, ал 1987 жылы Екінші Мемлекеттік сыйлық берілді. Оның ғылыми жетекшілігімен техника ғылымдарының 11 докторы мен 50-ден астам кандидат даярланды
1993 жылы Қарағанды халық депутаттары қалалық кеңесінің шешімімен ғылым мен техника саласына, Қарағанды көмір бассейнін дамытуға және халық шаруашылығы үшін кадрлар даярлауға қосқан зор үлесі үшін Сағыновқа «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы», ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағы берілді.
Университеттің жаңа мәртебесі — академик Әбілқас Сағыновтың отандық ғылым мен жоғары білімді дамытудағы еңбегін мойындау. Бүгінде Қарағанды техникалық университеті — еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі және әлемнің беделді университеттері (QS World University Ranking) рейтингісіне енген.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»