Жүзден астам елдімекен су астында қалу қаупі бар

Қарағанды облысында 150 елдімекенге тасқын судан қауіп бар. Сондықтан өңірдегі дайындық жұмыстары күшейтілді. Жыл сайын Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс бөлігі қарғын судың астына қалатын. Ал, биыл су қала сыртымен айналып өтуі үшін арнайы канал салынуда.

Арық арқылы 95 мың текше метр су қаланы айналып өтеді деп күтілуде. Оның орташа тереңдігі 5 метрден асады. Ал жалпы ұзындығы – 2 шақырым. Су аталмыш арықпен ағып, Жартас каналына құяды. Қазба жұмыстары күндері аяқталмақ. Сондай-ақ 15 мың құм толы қап дайындалған. Бұған қоса Федоров су қоймасы маңындағы саяжайларға жақын Соқыр өзенінің арнасы қамыс пен шыбықтан тазартылуда.

– Көктемде үлкен су келген кезде бөгетсіз өтуі үшін сол мақсатта алынып жатыр. Бұл осы үш саяжай қауымдастығы бар, соларға су жайылып кетпес үшін арнаны тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Қазыбек би ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Ерік Ахметов.

Мұндай жұмыстар соңғы рет 2018 жылы істелген, биыл далада қар қалың. Жердегі тоң 30 сантиметрге жеткен, сондықтан күн күрт жылыса, тасқын қаупі туындауы мүмкін. Облысқа қарасты Самарқанд, Шерубай-Нұра, Ынтымақ, Ботақара су қоймалары да жіті бақылауда. Бұған қоса көпірлер мен жол бойындағы су өткізу құбырларының қары тазартылып жатыр.

– Биылғы жылы күш-құралдары су қаупін жою мақсатында 6 бағытта жиналды. Оны біз былтырғы жылы қай елдімекеннен су тасу басталады, соны шығарып салу мақсатында күш-құралдарды дайындап қойдық. Ол енді жылдағы практика көрсетеді, Қарқаралы ауданынан басталады. Сол ауданнан бастап су қаупі бар аудандарға 6 бағытта бөліп қойдық, – дейді Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары Думан Далешов.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,          

«QH»