ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ШАҒЫМЫ ТОЛАСТАР ЕМЕС

Тұрғындардың айтуынша, абаттандыру мәселесі ең өзекті болып тұр. Себебі балалар мен қарттардың қауіпсіздігі, экологиялық тазалық, сапасыз жол алаңдатады.

— Қала мен Октябрь ауданы аумағындағы аулаларды абаттандыру бойынша барлық ісшаралар біздің үйлеріміздің жанынан өтіп кетіп жатыр. Октябрь ауданының және Қарағанды қаласының әкімдігі біздің үйлеріміздің бар екенін ұмытып кеткендей, іс жүзінде біздің үйлерімізбен айналыспайды,- дейді белсенділер.

Соңғы жылдардың ішінде бұл аумаққа жасалған жалғыз жұмыс — 8, 9 үйлердің маңайына орналастырылған қоқыс контейнерлері. Алайда, ол да іске толық жарамайтын болып шыққан. Себебі контейнерлер бетондалған биіктеу өрде орналасқан. Олардың айтуынша, бұл істі жоспарлаған уақытта адамдардың қауіпсіздігі негізге алынбаған. Егде жастағы немесе жас балалар қоқысты өз мүмкіндігінше тастай алмайды, сондықтан контейнерлердің қасына қойып кетуге мәжбүр. Тұрғындар бұл мәселені шешу үшін тым болмағанда қоқыс жәшіктерінің қасына көтерілу үшін баспалдақ орнатуды сұрайды.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың ақпан айында қатты дауылдың кесірінен ағаштар құлап, тұрғындардың жүріс-тұрысына кедергі келтірген. Коммуналдық мекемелер аумақты ағаш қалдықтарынан жинауға кіріспегендіктен, тұрғындар өздері үйлерінің артына апарып тастаған. Нәтижесінде ағаштар жатқан жер қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орынға айналған. Сондықтан да, аумақ тұрғындары қосымша қоқыс контейнерлерін орналастыруды сұрайды.

— Біздің балаларымызда толыққанды жабдықталған, заманауи балалар алаңы да жоқ. Бұл жердегі әрбір отбасыда кішкентай бүлдіршіндер бар. Балалар қаланың ең жақсы аудандарында емес, осы үйлерде тұратындықтарына кінәлі емес қой. Қарапайым ғана спорт алаңы, әткеншек, көгал, футбол алаңқайлары да жоқ. Сондықтан, балаларымыз тұрақтағы көліктердің қасында, жолда ойнап, көңіл көтеруге мәжбүр. Балаларға алаңқай орнату үшін аулада бос орын да бар,- дейді тұрғындар.

Оған қоса, үйлерге кіріпшығатын жолдар да әбден тозып, шаршаған:

— Үйлердің айналасындағы жолдың сапасы мүлдем сын көтермейді. Бұл біздің күнделікті күйбең тірішіліктегі проблемамыз. Не жетуге, не кетуге келмейді. Жол іс жүзінде жарамайды. Ол қанша жыл бұрын жөндеу көргенін де айта алмаймыз, тіпті 30-40 жыл бұрын үйлермен бірге төселген болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, «Жедел жәрдем» көліктерінің жүруі, тұрғындарға және жақын орналасқан дүкендерге жүк жеткізу аса қиындық туғызады. Қыста – таудай үйілетін қар, жазда – шұрық тесік жол, ал көктем мен күзде – лай мен батпақ, — деп өз шағымдарымен бөлісті.

– Біздің үйіміздің тұрғындарының барлығы дерлік жұмыс істейді және қала бюджетіне салық түрінде өздерінің күнделікті еңбектерімен үлес қосуда. Біздің үйдің аумағының жағдайына назар аударуды талап етуге құқығымыз бар деп санаймыз,- дейді №15 шағынауданы № 6, 8, 10 үйлердің тұрғындары.

Тұрғындар өз сұраныстарын қанағаттандару үшін Октябрь ауданы әкімдігіне хат жолдаған. Алайда тиісті жауап ала алмаған. Әкімдік өкілдеріне хабарласып, мән-жайды сұрастырғанымызда өтініш құзырлы органдарға жіберілгені туралы ақпарат берілді:

— Келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастырдық. Қазақстан Республикасының «Өтініштерді қарау тәртібі туралы» Заңының 7 бабының 6-тармағына сәйкес жол жөндеу мәселесі бойынша «Октябрь ауданы әкімінің аппараты» ММ келіп түскен 15 шағымаудандағы №6, 8, 10 үйлердің тұрғындарынан келіп түскен өтініш «Қарағанды қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөліміне жіберілді. Жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектастары және айналма жолға шығатын жүріс бөлігі бойынша мәселелерді шешу, заңмен белгіленген мерзімде сұрақтардың шешімін табу бөлім басшысы А. Дюсембековке тапсырылды,- деді Октябрь ауданы әкімдігінің өкілдері.

Тұрғындар ең бастысы өмір сүруге қолайлы жағдай мен қауіпсіздіктің баса назарда болғанын қалайды. Осыған дейін аумаққа жақын жерден дәріхана ашуды сұраған. Әкімдік өтінішті қабылдап, бірден көмек қолын созған. Ендігі кезекте жазған өтініш хаттарына ресми жауап алып, мәселелердің шешімі табылғанын қалайды.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»