Жәрмеңкенің жәрдемі тиді

Өткен аптаның соңында Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының кеңсесінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен болатын. Басты мақсат – халық арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және азаматтарды жұмыспен қамту. Сонымен қатар жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнатуға мұрындық болу.

Бос орындар жәрмеңкесіне жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, NEET санатындағы жастар, жұмыссыз тұлғалар шақырылды. Келушілерге 2 300-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Өткізілген шарада 142 азаматқа кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде консультация берілді. Жәрмеңкеге келген азаматтардың арасынан 43 тұрғын жұмысқа орналасуға жолдама алды. Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 10 азамат жұмысқа орналастырылды.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Қарағанды қаласының 16 жұмыс берушісі қатысты.

Жәрмеңкеге Әлихан Бөкейхан атындағы прокуратура, Қазыбек би ауданының пробация қызметі және Әлихан Бөкейхан ауданы, Қарағанды облысының Әділет департаменті, жеке сот орындаушылары қатысты.

Жәрмеңкеге келушілер үшін жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша консультация ұйымдастырылды.