Жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға тек «ХҚКО» қосымшасы арқылы жазылуға болады
Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарға жазылу booking.gov4c.kz сайтынан «ХҚКО» мобильді қосымшасына көшті. Жаңалық ашықтықты, ресімдеудің қолайлылығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін енгізілді.
Енді емтиханға жазылу үшін Google Play немесе App Store арқылы «ХҚКО» қосымшасын жүктеп алу қажет. Содан кейін екі факторлы аутентификациядан: биометриялық сәйкестендіру және 1414 нөмірінен жіберілген SMS-код арқылы жеке басын растау қажет. Барлық дерек расталғаннан кейін қосымшадағы «Теория бойынша емтиханға жазылу» немесе «Практика бойынша емтиханға жазылу» қосымша бетіне көшу және жазбаны мобильді азаматтар базасында тіркелген белсенді телефон нөміріне жіберілетін SMS арқылы растау қажет.
Сервисті пайдаланар алдында бәрібір мамандандырылған ХҚКО-ға жүгініп, емтиханға өтінім беріп, осы өтінімнің нөмірін алу керегін есте сақтау маңызды.
Қосымшаның тағы бір жағымды жағы – емтихан туралы ұмытпайды және пайдаланушыны тапсыру уақыты немесе кестедегі қандай да бір өзгерістер туралы алдын ала хабардар етеді.
Сервис арқылы сондай-ақ барлық ХҚКО-на барып, электрондық кезек талонын алуға, өзекті ақпаратпен және қызметтермен танысуға, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығын таңдауға болады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ