Жүргізуші абай бол!

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қарағанды облысында жүргізушілердің жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ерекше профилактикалық акция өтті. Бұл жолы полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерін құқық бұзушылықтарды анықтау немесе құжаттарын тексеру үшін емес, автокөліктердің техникалық жай-күйін бақылап, тегін көмек көрсету мақсатында тоқтатты. Шара республикалық маңызы бар автожолда «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылды.

Акцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны көшпелі шиномонтаж қызметімен бірлесіп өткізді. Жол бойында тоқтатылған көліктердің дөңгелектеріндегі ауа қысымы тексеріліп, шиналардың техникалық жағдайына диагностика жасалды. Анықталған ақаулар сол жерде жөнделіп, жүргізушілерге көлікті күтіп ұстау мен жолға қауіпсіз шығу бойынша мамандар кеңес берді.

Мамандардың айтуынша, көлік дөңгелектерінің техникалық жай-күйі жол қозғалысы қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі. Шиналардағы ауа қысымының қалыптан ауытқуы немесе олардың шамадан тыс тозуы көлікті басқаруды қиындатып, әсіресе ұзақ сапар кезінде ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші жолға шығар алдында көлігін толық техникалық тексеруден өткізуді әдетке айналдыруы қажет.

Қарағанды облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағындағы республикалық автожолдарда 28 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 32 адам қаза тауып, 18 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.

– Жол-көлік оқиғаларын талдау олардың басым бөлігі жүргізушілердің ұзақ жолда шаршауы, рөлде қалғып кетуі, жылдамдық режимін сақтамауы және қарсы қозғалыс жолағына шығуы салдарынан болатынын көрсетті. Сонымен қатар көліктің техникалық ақаулары, әсіресе шиналардың тозуы мен ауа қысымының талапқа сәйкес келмеуі де үлкен қауіп төндіреді. Жыл басынан бері дәл осындай себептерден екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Сондықтан біз жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтаумен қатар, көліктің техникалық жағдайына да ерекше көңіл бөлуге шақырамыз, – деді Медет Нұрмұханов.

Акция барысында көшпелі шиномонтаж мамандары бірнеше көліктен техникалық ақаулар анықтады. Солардың бірі – Алматы бағытына жолға шыққан автокөліктің дөңгелектеріндегі ауа қысымының белгіленген нормадан жоғары болуы. Мамандардың айтуынша, жаздың аптап ыстығында мұндай жағдай шинаның қызып, жарылып кету қаупін арттырады.

– Тексеру кезінде бір автокөліктің барлық дөңгелегіндегі ауа қысымы қалыпты деңгейден жоғары екенін анықтадық. Біз оны қауіпсіз деңгейге дейін төмендетіп, жүргізушіге мұның қандай қауіп төндіретінін түсіндірдік. Кейде көзге елеусіз көрінетін техникалық ақаулардың өзі жол үстінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, – деді көшпелі шиномонтаж шебері Илья Земляков.

Ерекше форматта ұйымдастырылған профилактикалық акция жүргізушілер тарапынан оң бағасын алды. Олар мұндай шаралардың басты мақсаты – жазалау емес, жолдағы қауіптің алдын алу, жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюмен шектелмейтінін, ең алдымен азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын айтады. Осыған байланысты жүргізушілерге жолға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын мұқият тексеру, шиналардың тозуы мен ауа қысымын бақылау, ұзақ сапар алдында жеткілікті демалу, белгіленген жылдамдық режимін сақтау және шаршаған жағдайда міндетті түрде аялдап тынығу ұсынылады.

Жол қауіпсіздігі – тек полицияның ғана емес, әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Ал көлікті алдын ала тексеруге жұмсалған бірнеше минут кей жағдайда адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Ералы ҒАНИ,

«QH»