ЖҮРЕККЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАЙТЫН МЕЙРАМ

Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды. Айт күндері құрбандық шалынады.

Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс. Биыл 20 шілде сейсенбіге түсті.

ҚҰРБАН СӨЗІ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге келеді.

Құлшылық жасаудың түп мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады.

ҚҰРБАН ШАЛУ КІМДЕРГЕ УӘЖІП

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек:

1) мұсылман болу;

2) Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;

3) негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.

Жалпы, Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Құрбан айтта көпшілік дәмдісін әзірлеп, дастархан жаяды. Бір бірінің үйінде қонақ болып, астан ауыз тиеді. Бір-бірін мұсылман мерекесімен құттықтайды. Әрбір үйде Құран оқылады. Өмірден өткен ата-бабаларына Құран бағыштайды. Ренжіскен жандар болса, кешірім сұрасып, өкпе-ренішін ұмытады.

Құрбан айтта көп болып жиналып, дастархандас болып, мерекелеудің еш әбестігі жоқ. Алайда дінге қайшы әрекеттерге бармау керек. Алайда, биыл елдегі пандемия жағдайына байланысты Қарағанды қаласында көп адамның жиналуына тыйым салынып, айт намазы оқылмады.

ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы арнайы құрбандық шалуға арналған қасапханада алғашқы құрбандық малының батасын жасап, ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасады. Барша Қарағанды жұртшылығын Ұлық мейраммен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Құрметті қарағандылықтар, қадірменді бауырлар! Баршаңызды ұлық меркемен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан Айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмтылады.

Өкінішке қарай, әлемдегі және елдегі жағдайға байланысты Құрбан айтты өз дәрежесінде атап өтіп, жамағатпен құлшылық жасай алмаймыз. Алланың аманаты болған өміріміз бен денсаулығымызды сақтау – мұсылмандық міндетіміз. Алайда, сауап іздеген адам үшін жақсылықтың есіктері қашан да ашық. Біз осы ретте құрбан шалу шараларын қашықтан жүзеге асыруды қолға алдық, — деп денсаулықтың басты байлық екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақжарма тілегін айтып, ниетін білдірді:

– Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасыға бақыт, береке қонғай! Көпұлтты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбіршілігін арттыра берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин, — деді. Сонымен қатар, індеттен қайтыс болғандардың соңынан дұға жасап, Жаратушыдан ауырып жатқандардың тезірек сауығып кетуін және осы қиындықты аманесен өткеруімізді тіледі.

Еске сала кетейік, пандемия жағдайына байланысты құрбандық шалу онлайн форматта qurban2021.kz сайты арқылы жүзеге асты. Қасапханалар «Аshyq» қосымшасымен жұмыс істеді.

Қарағанды қазіргі уақытта «қызыл» аймақта болғандықтан, құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Аshyq» мобильді қосымшасы іске қосылды. Атап айтқанда, «қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмей, «көк», «жасыл» мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі.

Қаламызда адамдардың жаппай ағылуына жол бермеу үшін жеке арнайы мал сою пункттері ашылды: Мал сою алаңы – ЖК «Абишев А.О» Резник көшесі, 18 мекенжайы бойынша, «Хасенов К.С.» ЖК мал сою алаңы – С.Сейфуллин көшесі, 53 мекенжайы бойынша және «Арай базары» мал сою алаңы – Гоголь көшесі, 2/23.

«Қасапханаға маска тағып, арақашықтық сақтап, дене қызуы бар адамдардың жақындауына жол бермеуге тиіспіз. Жасы 65- тен асқан қариялар, әйелдер мен балалардың барынша құрбан малын шалатын орындарға баруын шектеуге шақырамыз. Қазіргі уақытта қасапханаға қойылатын тәртіп жоғары. Оны ұдайы бақылап, келушілермен арадағы байланысқа жіті мән беруіміз керек. Ең бастысы малды шариғат талаптарына сәйкес бауыздап, сойылуын қатаң қадағалау қажет», — деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар.

Құрбандық шалатын орындарға бару үшін алдын ала жазылу қажет.

Әрине, Құрбан айт тек намаз оқып, құрбан шалумен шектелетін мереке емес. Алланы ұлықтаумен бірге ізгілік, қайырымдылық, жақын адамдардың жарасымы мен туған-туыстың татулығы, мұқтажға көмек, міскінге қолдау, осының барлығы бір мерекенің бойына сыйып тұрғандай.

Алла Тағала сіз бен бізден қабыл етсін! Құрбан айт құтты болсын, Қазақ елі!

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»