Жүрегі қазақ сары қыз

Ерлермен қатар қызмет атқаратын нәзік жанды арулар қазіргі таңда Әлия мен Мәншүк апаларымыздың өнегелі жолын жалғастырып келеді. Нардың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектер әскердің қатаң тәртібіне төзіп, қызметте жауынгерлік міндетін абыроймен орындау арқылы көпшілікке үлгі болған. Солардың бірі – Екатерина Александровна. Ел қорғап жүрген ер-азаматтардың саны басым болғанымен, жас ару жігіттермен бірдей осы кәсіпті таңдап, психолог лауазымында қызметін жетік меңгеріп қана қоймай, білікті маман ретінде танылып жүр.

Екатерина Александровна 1996 жылы 18 мамырда дүниеге келген. Нұра ауданының Пржевальск ауылында туып-өскен. Орта мектепті тәмамдаған ару ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 50185 әскери бөлімнің қызметкері болып та қызмет атқарды. Ана болу, жанұя құндылықтарын дәріптеу – Екатеринаның басты міндеті. Алайда ел басына күн туғанда қазақ қыздары ерлермен бірге елін, жерін қорғайтынына сенімді. Әлемде ұшқыш қыздар саусақпен санарлық қана, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасында кейіпкеріміз Екатерина Колочавинамен бірге Ардана Ботай да қызмет атқарған. Аталмыш әскери бөлімнің штаб сержанты арулардың әскеріміздің қорғаныс қабілеттілігін нығайту және әскери қызмет имиджін арттыруға сүбелі үлес қосып жүргенін айтады.

Әскери салада қысқа жолдан өтпеген Екатерина Омбы академиясына оқуға түседі. Мансап жолында өсу үшін ол келісімшарт арқылы басқа құрылымға, Қарағанды және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №31 түзеу мекемесіне, ауысады. Биылғы жылдың маусым айында оқуын бітіріп, мамандығына орай психолог дипломын алып, Қарағанды облысындағы №31 түзеу мекемесінде офицер атанып, сотталғандарға көмектесуді жоспарлаған кейіпкеріміз қазақ тілін таза меңгерген. Нәзік, сұлу әрі талдырмаш ару өз қарамағына қарасты сотталғандармен жиі сұхбат өрбітіп, мерекелік іс-шараларға белсенді түрде қатысып тұрады. Екатерина қазақтың ұлттық тағамдарын да дәмді әзірлейді. Қазақтың ұлттық тағамдарын сүйсініп жейді. Сондықтан Екатерина үйінде үнемі бауырсақ пісіреді екен. Ал Катяның ең ерекше ұнататын тағамы – Наурыз көже. Ару қыз осы себепті Наурыз мейрамы, 1 Мамыр және Отан қорғаушылар мерекесін асыға күтеді.

– Мен қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтеймін. Құшағы кең Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлт пен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы – басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де – басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Өз жерінде өз тілін өгейсітіп жүрген кей қазақты көргенде қарным ашады. Жолдасым ерте қайтыс болғандықтан, екі баламды өзім тәрбиелеп келемін. Олар да өз елінің тілін біліп өсіп келеді, – дейді Екатерина Колочавина.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»