Жұмысынан айырылғанға көмек көрсетілді

Биыл Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 92,2 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған. Олардың ішінде 87,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскер төмендегідей шарттарды орындайды:

– eGov.kz порталында тіркелу;

– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолын толтыру және оған ЭЦҚ арқылы қол қойып, өтінімді жіберу.

Бір күн ішінде тұрғылықты жеріндегі Халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан «жұмыссыз» мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимде Электронды еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде, Еңбекминнің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлем тағайындау қызметін көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. SMS-хабарламаға келісетіні жөнінде жауап берілу қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, жұмыстан айырылған жағдайда МӘСҚ қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша