Жұмыссыз азаматтарға жаңа мүмкіндік

Қазақстанда жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға даярлауға бағытталған қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама жаңа мамандықты тегін игеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, оқу кезеңінде қатысушыларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетуді де қарастырады.

Жобаның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтардың кәсіби біліктілігін арттырып, оларды тұрақты жұмыспен қамту. Оқу ұзақтығы таңдалған мамандыққа байланысты алты айға дейін созылады және толықтай мемлекет есебінен ұйымдастырылады.

Оқу барысында қатысушыларға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Сонымен қатар мемлекет 17 300 теңге жол жүру шығындарын, басқа елді мекенде білім алатын азаматтарға 64 875 теңгеге дейінгі тұрғын үй жалдау шығындарын, сондай-ақ міндетті медициналық тексеру құнын өтейді. Осылайша, бір қатысушыға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 125 749 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Бағдарлама Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып отырған халықты жұмыспен қамту шараларының бірі болып табылады. Қысқа мерзімді оқыту еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұйымдастырылып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтаған азаматтарға тиісті біліктілігін растайтын құжат беріледі, бұл олардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.

Бағдарламаға қатысу үшін жұмыссыз ретінде тіркеліп, тұрғылықты жердегі Мансап орталығына (бұрынғы жұмыспен қамту орталығы) жүгіну қажет. Орталық мамандары оқуға қабылдау шарттары, сұранысқа ие мамандықтар және бос оқу орындары туралы толық ақпарат береді.

Мемлекет қолға алған бұл бастама азаматтардың жаңа кәсіп игеруіне, еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты табыс табуына жол ашатын маңызды әлеуметтік қолдау шараларының бірі саналады. Әсіресе жұмыссыз жүрген немесе мамандығын өзгертуді көздеген азаматтар үшін бұл – кәсіби дамуға және жаңа еңбек жолын бастауға берілген нақты мүмкіндік.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі

 

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»