Жұмысшы жастар тұрғын үймен қашан қамтамасыз етіледі?

Жастардың Қазақстандағы үлесі ең көп екені белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 15 және 34 аралығындағы тұрғындарың саны 6 миллионға жуық. Оларды сапалы біліммен, жұмыс орнымен және баспанамен қамту мемлекет үшін басым бағыт болып саналады. Ал соңғы жылдары мемлекет жастар мен олардың отбасылары үшін айтарлықтай көңіл бөлуі — бұл жағдайдың айқын көрінісі. Оларға арнап көпқабатты үйлер Қазақстанның барлық аймақтарында тұрғызылып, пәтерлер жеңілдетілген шарттармен берілуде.

Жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қарағанды облысында бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы жаңалықтармен Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов бөлісті. Айтуынша, жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтерлер бөлінуде және жатақханалар салынуда.

Бірінші бағыт — жас мамандар — педагогтардың, мәдениет қызметкерлерінің, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу. Ағымдағы жылы Саран қаласы мен Ақтас кентінде бюджеттік қызметкерлер үшін 57 пәтер берілді, оның ішінде 22 пәтер – жас мамандарға табысталған. Жұмыс әлі де қарқынды түрде жалғасады. Спикердің айтуынша бұл үшін зор мүмкіндіктер бар.

— Екіншіден, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің жас мамандарына пәтер бөлу бар. 2021 жылға 233 маманға тұрғын үй сатып алу үшін миллиард теңгеден астам сомаға бюджеттік кредиттер бөлінді,

— Үшінші бағыт – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бірнеше жылдан бері облыста осы санаттағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 252 пәтер беру жоспарланған. 2020-2022 жылдар аралығында облыс өңірлерінде барлығы 669 пәтер бөлінеді,– дейді Біржан Әлімжанов.

— Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің тағы бір шарасы – Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасы аясында жатақханалар салу. 282 орындық 3 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толық көлемде аяқталды. Жыл соңына дейін Шахтинск технологиялық колледжінің оқу корпусын студенттік жатақханаға реконструкциялау жұмыстары аяқталады.

2022 жылдың соңына дейін Қарағанды медицина университетінің 400 орындық жатақханасын және 2024 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 500 орындық жатақханасын пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша, Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 1 262 орындық 6 жатақхана пайдалануға беріледі,- деп жалғастырды Біржан Әлімжанов.

— Жастарды атаулы қолдаумен қатар, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен тұрғын үйқұрылыс жинақ жүйелері де бұл істе атсалысуда, — деп қорытындылады Біржан Әлімжанов. — Студент жастардың вакцинация туралы хабардар болу деңгейін арттыру үшін біз #MaxVax жастар акциясын ұйымдастырып, өткіземіз. Акция аясында Instagram jaspro тікелей эфирінде #MaxVaxBox жүлделерінің ұтыс ойыны өтеді. Қазірдің өзінде ұтыс ойынына қатысу үшін 400-ден астам жас тіркелді, — деп аяқтады сөзін Жастар саясаты бөлімінің басшысы.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»