Жұмыс жастарды іздейді
Өткен жұмада Қарағанды қаласының Орталық саябағында бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс беруші мен іздеушінің арасында дәнекер болған шараны қалалық Жұмыспен қамту орталығы мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде қарағандылықтар үшін түрлі салада сұранысқа ие мамандықтар бойынша 2 900-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Азаматтар өздерін қызықтыратын қызмет саласындағы бос жұмыс орындары нарығын зерттеп қана қоймай, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды. Жәрмеңкеге «Сарыарқа Нан Қарағанды» ЖШС, «Kama TyresKZ» ЖШС, «Қаз-метиз» ЖШС, «Қазхром» ЖШС, «Халық Банкі» АҚ, «Magnum Cash & Carry» ЖШС, «Asia FerroAlloys» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сияқты 45 жұмыс беруші мекеменің өкілдері қатысты.
Жәрмеңке қатысушыларына Қарағанды облысының Әділет департаменті, аудандық прокуратура, Салық басқармасы, Қарағанды облысының ҚАЖД пробация қызметі, Қарағанды қаласының ІІБ, Қарағанды облысы бойынша сот актілерін орындау департаменті сияқты мемлекеттік мекеме өкілдері тарапынан өздерін қызықтыратын сұрақтар бойынша кеңестер берілді.
NEET санатындағы жастарға, ЖОО және колледж түлектеріне жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес берілді. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша ақпарат ұсынылды.
Жәрмеңкеде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 283 азаматқа жолдама берілді. Сонымен қатар пробация қызметінде есепте тұрған 16 азаматқа кеңес берілді. Сондай-ақ ниет білдірген, мамандығы жоқ барлық азаматқа жұмыс орындары мен түрлі мамандық бойынша кәсіптік оқыту курстары ұсынылды.
Жәрмеңкеге келушілерге Жұмыспен қамту орталығының мамандары 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант алу рәсімі туралы түсіндірді. Биыл барлығы қала бойынша 100 грант беріледі деп күтілуде, бастапқы капитал боп есептелетін бұл гранттар демалыс және жаңа бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз негізде ұсынылады.
Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына олар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болатын дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш бергенге дейін тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлем төленген жағдайда беріледі.
Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Гранттар грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан беріледі.
Жұмысқа орналасуға қатысты барлық сұрақ жөнінде Бұқар жырау даңғылы, 51/4 мекенжайы, 996-393, 996-394 телефондары және әлеуметтік желілердегі парақшалар (Инстаграм @czn_karaganda, Фейсбук) Халықты жұмыспен қамту орталығына (Центр занятости города Караганды) хабарласуға болады.
Аружан АЛПЫСБАЙ