Өзекті мәселе
Қазыбек би ауданының өзекті мәселелері: қоқыс алаңдары, жарықтандыру және жасыл желектер. Қазыбек би атындағы ауданның әкімі Ералы Оспанов баспасөз мәслихатында бірнеше маңызды мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Қоқыс алаңдары мен контейнерлер мәселесі
Аудан әкімінің айтуынша, Оңтүстік-шығыста контейнерлік алаңдарды ұйымдастыру тиімді жүзеге асқанымен, қаладағы қоқыс жәшіктеріне қатысты әлі де түйткілдер бар. Көктем жақындаса да, бұл бағытта толық тәртіп орнату мүмкін болмай отыр.
– Біз ескі және жаңа контейнерлер туралы айтып отырмыз. Ескі контейнерлерді неге қалдырдық? Себебі, олардың еуро ұстағышы жоқ. Егер ескі контейнерлерді алып тастасақ, жаңа контейнерлер тез толып, қоқыс мәселесі ушыға түсер еді. Қазіргі таңда бұл мәселе реттелді, – деді аудан әкімі.
Күндіз жанатын жарық шамдары
Қала тұрғындары күндіз жанып тұратын жарық шамдарына шағымдануда. Олар электр энергиясының орынсыз жұмсалып жатқанына алаңдайды, әсіресе кешке жарық сөнгенде бұл жағдай тіпті ашуларын келтіреді.
Әкімнің түсіндіруінше, күндіз жарықтың қосылып тұруы – тексеру жұмыстарының жүргізілуімен байланысты.
– Түнде тексеру жұмыстарын жүргізу қиын, себебі ауа райының суықтығына байланысты техника кіре алмайды. Бұл мәселені назарға алдық, жақын арада шешеміз. Аулалардағы жарықтандыруға келсек, қала орталығындағы аулаларды кезең-кезеңімен жарықтандырып жатырмыз, – дейді Ералы Оспанов.
Жасыл желектерді күтіп-баптау және жаңа ағаштар отырғызу
Аудан басшысы жасыл желектерді күтіп-баптау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, жол полициясының нұсқауы бойынша санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілуде, өйткені жайылып кеткен бұтақтар жол қозғалысына кедергі келтіреді.
– Республика көшесінде 33 ағашты заңсыз кесіп тастаған жағдай тіркелді. Біз дереу барып, мәселені анықтап, тиісті шараларды қолдандық. Енді сол аймақта 280 жаңа ағаш отырғызу жоспарлануда, – деп атап өтті Ералы Оспанов.
Сонымен қатар, «Профинвест» компаниясы ту тұғыр аумағында 7 200 ағаш отырғызуы тиіс. Бұған қоса, бұрынғы Михайловка станциясындағы апатты жағдайдағы мектеп ғимараты маңында кесілген 2 800 ағаштың орны қайта жасылдандырылады. Алматы трассасы бойындағы қалаға кіреберістегі аркадан кейінгі жолдың екі қатарында да ағаш егу жоспарланған.
Қазыбек би ауданында қоқыс алаңдарын жақсарту, жарықтандыру жүйесін реттеу және жасыл желектерді қорғау мәселелері басты назарда. Аудан әкімдігі бұл мәселелерді шешуге уәде беріп, тиісті жұмыстарды қолға алғанын мәлімдеді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»