Зейнеткерлер үшін жаңа мүмкіндік
Қарағанды облысында егде жастағы тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы «Алтын жас» бағдарламасы әзірленді. Бұл бағдарлама зейнеткерлікке шыққанымен әлі де еңбек етуге ынталы және табысын арттырғысы келетін азаматтарға арналған.
Қарағанды облысында зейнеткерлерді жұмысқа шақыратын «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылды. «Алтын жас» бағдарламасы 2025-2026 жылдарға арналған. Бағдарлама аясында биыл 400 адамды, ал 2026 жылы кемінде 600 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бағдарламаға Қарағанды облысында тұратын және тіркелген, әйелдер – 61 жастан, ерлер – 63 жастан бастап қатыса алады. Жұмыс толық жұмыс күні немесе жұмыс беруші бекіткен икемді кесте бойынша атқарылады. Зейнет жасындағы адамдардың еңбекақысы жұмыс берушінің қаражатынан төленеді. Бұл еңбекақы көлемі белгіленген жалақының кемінде 50%-ын құрайды. Сонымен қатар, төлемдер жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады, бірақ республиканың Бюджет кодексіне сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақыдан аспайды (2024 жылдан бастап – 85 000 теңге). Төлемдер салықтарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны және банк қызметтерін есепке ала отырып төленеді. 2025 жылдың 17 қаңтарындағы жағдай бойынша Қарағанды облысындағы 146 кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. 641 жұмыс орны құрылып, 84 адам жұмысқа орналастырылды. «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан зейнеткерлер өз тәжірибелерімен бөлісуде.
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де балалармен жұмыс істегім келді. «Алтын жас» бағдарламасы менің осы арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Балалармен жұмыс істеу мені қуантады және өзімді қажет сезінемін, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Дәрия Нүрекина.
– Ұстаздық жолымды жалғастыру мен үшін үлкен бақыт. «Алтын жас» бағдарламасы арқылы мен өз білімімді жас ұрпаққа жеткізе аламын. Бұл бағдарлама зейнеткерлерге жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп қосты тағы бір жобаға қатысушы Ляззат Асылбекова.
Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов атап өткендей, бағдарлама өз тиімділігін көрсеткен.
– «Алтын жас» бағдарламасы зейнеткерлердің еңбек нарығына қайта оралуына мүмкіндік береді. Біз бұл бағдарламаның тиімділігін көріп отырмыз және алдағы уақытта оның аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.
«Алтын жас» бағдарламасы Қарағанды облысының зейнеткерлеріне жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың еңбек нарығына белсенді қатысуына жағдай жасайды. Бұл бағдарлама арқылы егде жастағы азаматтар өз тәжірибелерін пайдаланып, табысын арттыра алады.
Бағдарламаға қатысуға өтінімдер барлық қала мен аудандардың Мансап орталықтарында қабылданады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»