Үздіктер марапатталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды қаласында түрлі ісшаралар ұйымдастырылып, сала қызметкерлері арнайы марапат және наградалармен марпатталды.

Мәселен, Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінде ерекше көзге түскен қызметкерлер марапатталды.

Мереке қарсаңында Бекболат Шәкіров қылмыстықатқару жүйесінің қызметкерлері мен зейнеткерлеріне кезектен тыс арнаулы атақ, награда мен грамоталар, сондайақ облыс мекемелерінің жас қызметкерлері және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің ата-аналарына алғыс хаттар табыс етті.

Іс-шараға қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары шақырылды. Қатысушылар оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шарада «Үздік тәлімгер» және «Үздік мамандық иесі» конкурстарының қорытындысы шығарылды. АК-159/11 мекемесінің аға инспектор-психологы Нина Петренко үздік тәлімгер деп танылса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚАЖ үздік қызмекері болып АК-159/6 мекемесінің жасақ бастығы Зайкен Аханов лайық деп танылды.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» ақындар мен суретшілер арасында «Тәуелсіздік: сөз және сурет» республикалық онлайн-байқауын ұйымдастырды. 14 желтоқсанда С.Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрында осы байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Конкурс ұйымдастырушылары бірнеше мақсат қойған:  Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Республика суретшілері мен ақындарының шығармаларын насихаттау, суретшілер мен ақындардың шығармашылығы арқылы Қарағанды облысына өлшеусіз үлес қосқан тарихи қайраткерлердің, мәдениет ескерткіштерінің, киелі орындардың, табиғаттың, адамдардың есімдерін даңқтау, көркемдік одақ-поэзия мен кескіндеме үйлесімін көрсету, сондайақ оқырмандар мен көрермендер аудиториясының инновациялық ортасын құру.

Республикалық онлайн-байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде «Көсем» картинасы үшін Толқын Табысбекке және «1937 жыл немесе Әлиханның соңғы монологы» өлеңі үшін Мұрат Шаймаранға табысталды. Ал І орын «Көкейкесті» картинасының авторы Дәуренбек Бекназарға және «Көкейкесті» өлеңі үшін Ерлан Жүніске бұйырды. Сонымен қатар, байқау қатысушыларына «Ынталандыру» номинациясы бойынша арнайы сыйлықтар, сондай-ақ «Қасым» журналының арнайы сыйлығы берілді.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздардың шығармаларынан тұратын үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) арнайы альбом дайындалды. Альбом сапалы көркем суреттермен безендірілген және QR-код орнатылған. Олар арнайы түсірілген тақырыптық бейнероликтерге сілтеме ретінде қызмет етеді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында №2 Қарағанды Оқушылар сарайында «Тәуелсіздікке тарту» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиында мерекеге орай педагогтар марапатталды. Кездесуге облыс мұғалімдері, білім беру саласының еңбек ардагерлері, бөлім, білім беру ұйымдарының басшылары және басқа да қонақтар қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында білім беру саласында үздік жетістік көрсеткен педагогтерге құрмет көрсетілді.

«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру үздігі» төсбелгісімен педагогикалық еңбек ардагері, Қарағанды облысының білім басқармасы жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мәулида Жошина марапатталды.

«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына 8 педагог ие болды. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен 9 педагог марапатталды.

Бұдан бөлек, ерекше көзге түскен 12 педагогке «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Татьяна Самойлюк атынан марапаттар берілді.