Үздік мемлекеттік қызметші анықталды

Аймағымызда «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мәртебесін көтеріп, озық ойлы азаматтарды осы салада еңбек етуге ынталандыру.

Байқау екі кезеңде өтеді. Алдымен өңірлік кезең өтіп, аймақтардағы мықтылар анықталады. Өз өңірінде айрықша жетістігімен көзге түскен мықтылар кейін республикалық байқауда бақ сынамақ.

Қарағанды облысында биылғы байқауға 22 үміткер өтінім тапсырған екен. Арнайы құрылған қазылар алқасы барлық үміткердің құжатымен танысып, жазған эсселері мен ұсынған бейнематериалдарын қарап шықты. Осыдан соң конкурс талабына сай әңгімелесу өткізіп, көптеген сауал қойды. Әңгімелесу барысында мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту және жетілдіре түсуге қатысты бірқатар орынды пікір мен ұсыныс айтылды. Барлық үмтікермен танысып шыққан соң қазылар алқасы өз саласында айтулы жетістікке жеткен қос азаматты жеңімпаз деп таныды. Яғни Шет ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Самат Ахмедия және Қарағанды қаласы әкімдігінің жанындағы Терроризмге қарсы комиссияны үйлестіру мәселелері бойынша бас инспектор Темірлан Абылқасымов енді республикалық байқауда облыс намысын қоғайды.