ҮЗДІК ЕМХАНАЛАР ТОП ЖАРДЫ
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында «МСАК көшбасшысы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау бір ай бойы өтті. Оны облыстың Денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен Қарағанды облысы бойынша ӘМСҚ филиалы, сондай-ақ демеуші болған «YDD Corporation» ЖШС және «Қасиет-Фарм» ЖШС қолдауымен ұйымдастырды.
Шараға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев қатысты.
Байқауға 37 медициналық ұйым қатысты. Халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту, медициналық көмектің сапасына шағымдар санын азайту, азаматтарымызды МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен оң жетістіктері туралы, сондай-ақ өңірдің аурудан айыққан пациенттері туралы хабардар ету конкурстың басты мақсаты болды.
Қор филиалының директоры қатысушылардың қандай критерийлер арқылы бағаланғанын мәлімдеді. Байқау қорытындысында Теміртау қаласының №2 қалалық емханасы бірінші орын иеленді. Демеушілердің қолдауымен медициналық ұйымға дефибриллятор-монитор табысталды. Екінші орын электрокардиограф алған Абай ауданының аудандық ауруханасына берілді. Үшінші орынды «Clinic miras» ЖШС жеңіп алды. Олар бой өлшейтін механикалық құралға қол жеткізді. Барлық жеңімпазды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова құттықтады:
– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары маңызды рөл атқарады, себебі ол – пациент бағытының алғашқы сатысы. Емханалардағы жұмыстың сапасы азаматтардың медицина туралы көзқарасына әсер етеді. МСАК-ты қаржыландыру бюджет көлемі жағынан екінші орында: 2024 жылы оған 550 млрд теңгеден астам қаражат көзделген. Мен сіздердің денсаулық сақтауды дамытуға қосқан баға жетпес үлестеріңізді атап өткім келеді және әр қызметкерге адал жұмысы үшін алғыс айтамын.
Сонымен қатар Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында қор басшысының орынбасары өңірдегі медициналық қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Медициналық ұйымдардағы қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Гүлжан Шайхыбекова Қарағанды қаласының №1 емханасында Үздік тәжірибелер орталығының тұсаукесеріне қатысты. Медициналық ұйым ұжымы медициналық көмек алудың тиімділігін арттыру үшін пациенттің емханаға келгендегі алғашқы бес минутында жақсы пікір қалыптастыруды көздейді.
Үздік тәжірибелер орталығы жаңалықтарының бірі – емханада жас аналарды оқытатын ресурстық кабинет. Сондай-ақ медициналық ұйымда шала туған балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған катамнез кабинеті бар. Халықтың медициналық сауаттылығын арттыру үшін денсаулық мектептері ашылған.
Мұндай үздік тәжірибелер орталықтары Қарағанды облысының барлық МСАК базасында ашылады. Осы арқылы медициналық көмек қолжетімді бола түседі де, халық ризашылығы артады. Дәл осындай орталық 2023 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды қаласының №3 емханасында жұмыс істейді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»