Заң үстемдігі – заман талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында елде Конституциялық реформа өткізуді ұсынған болатын. Бұл Қазақстан қоғамын демократиялық құндылықтарға қарай бастаған нық қадам болды. ҚР Конституция күні мерекесі қарсаңында Саран қаласында өткен дөңгелек үстелде спикерлер осындай пікір білдірді.

Жиынға мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері, ұстаздар мен ардагерлер қатысты. Дөңгелек үстел Саран қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Туртбаеваның төрағалық етуімен өтті. Спикер ретінде мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссиясының жұмыс тобының мүшесі Шахмарал Кабулова мен Қарағанды облысы кәсіподақтар Орталығы жанындағы Татуласу Орталығының басшысы Светлана Шардарбекова қатысты.

– Қаңтардағы қасіретті оқиға баршамызға ауыр тиді. Бірақ, бірлік пен сенімнің арқасында сындарлы сәттен сүрінбей өттік. Әйтсе де, қоғамда ауқымды өзгерістер, реформалар жүргізу қажеттілігі туындады. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауы көптің көңіліне жылылық пен үміт ұялатты деп нық сеніммен айта аламыз. Әсіресе, супер президенттік басқару жүйесінен бас тартып, демократиялық құндылықтардың салтанат құруына жол ашуы, қоғамдағы теңдік пен тұрақтылықты, заң үстемдігін орнатуға шақыруы халық көкейіндегі ойды дөп басты. Мұны жалпыхалықтық референдумға ел азаматтарының белсенділікпен қатысуы және конситиуциялық реформаны қолдауынан-ақ аңғаруға болады, – дейді Шахмарал Кабулова.

Өз кезегінде Светлана Шардарбекова Ата заңға енген өзгерістер елдегі демократиялық құндылықтардың артып, саяси аренадағы бәсекелестіктің қалыптасуы оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

– Референдум нәтижелері миллиондаған қазақстандықтың «Жаңа Қазақстан» мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенімін аңғартты. Ата заңға енген өзгерістер ең алдымен халықтың құқығын қорғау, билік өкілеттіліктерін қайта бөлу, Парламент өкілеттілігін арттыруға бағытталды. Сондай-ақ, Президенттің партия қатарынан шығу, елдегі саяси ұйымдар арасында тепе-теңдік орнап, әділ бәсекелестікке түсулеріне жол ашып отыр. Ең бастысы заң үстемдігі сақталады. Ал, заң үстемдігі – заман талабы, – дейді Светлана Шардарбекова.

Бұдан бөлек, жиында елдегі этносаралық тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері пысықталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»