Заң мен Тәртіп әліпбиі: қарағандылық жасөспірімдер құқықтық квестте бақ сынасты

Қарағандыда Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында ерекше шара өтті. Орталық саябақта облыстың түкпір-түкпірінен келген жүзге жуық жасөспірім «Заң және тәртіп аумағы» атты облыстық құқықтық квест-ойынында бас қосты. «Құқықтық тәртіп әліпбиі» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шарада жастар тек заң негіздерін біліп қана қоймай, арнайы жасақтың өнерін тамашалап, шұғыл қызметтердің күнделікті жұмысымен етене танысуға мүмкіндік алды.

Мақсат – құқықтық мәдениетті қалыптастыру

Облыстық прокуратура жанындағы Жобалық кеңсе ұйымдастырған бұл ауқымды шара Конституция құндылықтарын дәріптеуді және өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Шараға аймақтың қалалары мен аудандарынан 10 команда, яғни 100-ге жуық жасөспірім қатысты. Ұйымдастырушылар бұл бастама – «Заң және Тәртіп» идеологиясының өмірдегі тікелей көрінісі екенін алға тартады.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жастардың бұл сайысқа қатысуы үлкен азаматтық жауапкершіліктің белгісі екенін атап өтті:

«Сіздердің бүгін осы шараға қатысып отырғандарыңыздың басты себебі – қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінулеріңіз. Ал жауапкершілік бар жерде міндетті түрде азаматтық ұстаным болады. Бүгінгі квест сондай жауапкершілікті сезінуге, тығырыққа тірелген сәтте бірлесе отырып шешім табуға үйретеді. Сондықтан да осы шараға қатысып отырған бүкіл азаматтарды мен еліміздің болашағын алға ілгерілететін тұлғалар деп білемін. Заң мен тәртіп – бұл қауіпсіз әрі әділетті қоғамның негізі, бүгінгі квест сол қағидаттың өмірдегі мәнін түсінуге мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысының орынбасары.

 

Көрмеден – криминалистикалық зертханаға дейін

Бұл жиын құрғақ ресми баяндамалардан ада, жастар үшін нағыз танымдық алаңға айналды. Саябақ ішінде Полиция департаментінің Арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағы (СОБР) жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жиналғандардың рухын жаныса, кинология орталығының үйретілген иттері өз өнерлерімен көпшілікті таңғалдырды. Сондай-ақ құқық қорғау және жедел қызметтердің арнайы техникалары мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, бұл жоба балалардың танымына айтарлықтай әсер етіп жатыр:

«Құқықтық әліпби» аясында біздің Полиция департаменті басты нысандардың бірі ретінде белсенді атсалысуда. ПД ғимаратындағы арнайы зертханаға балаларды апарып, оларға қылмыскерлердің ізін қалай сақтап қалу, қалай із табу керек екенін және бұл істе электронды бағдарламалардың қалай көмектесетінін іс жүзінде көрсетеміз. Жастар мұның бәрін тек естіп қана қоймай, өздері қатысып, шешім қабылдайды. Біз жол полициясымен, учаскелік инспекторлармен, есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесіп осындай квесттер өткіздік. Зерделей келе байқағанымыз – квестке келгенге дейінгі балалар мен одан шыққандағы балалардың көзқарасы мүлдем басқаша, оң жағына қарай өзгереді».

 

Бес станция: Мамандық таңдауға бағыт

Жеребе тартылғаннан кейін командалар қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бес негізгі тақырыптық станцияға аттанды. Олар әр аялдамада түрлі саланың қыр-сырын меңгерді:

Прокуратура станциясы: Заңдылық пен құқық үстемдігі қағидаттарын зерделеді.

Б. Бейсенов атындағы академия: Жасөспірімдер «Курсанттың бір күнімен» танысып, әскери тәртіпті көрді.

Төтенше жағдайлар департаменті: Өрт сөндіру мен судан құтқарудың практикалық дағдыларын үйренді.

Ұлттық ұлан әскери бөлімі: Қоғамдық қауіпсіздікті күзетудің жауапкершілігін сезінді.

Жедел жәрдем станциясы: Алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдерін іс жүзінде жасап көрді.

Бұл тәжірибе көптеген жеткіншектердің болашақ мамандық таңдауына да ықпал еткен сыңайлы. Квестке қатысушы 16 жасар Илья Мартынов өз әсерімен бөлісті:

«Мұндай шаралар біздің дүниетанымымызды кеңейтуге, арнайы қызметтердің жұмысын іштен көруге таптырмас мүмкіндік береді екен. Мен 16-дамын, мен үшін дәл қазір болашақ мамандықты таңдайтын маңызды кезең. Бүгінгі көрмеден кейін менде заң саласына, әсіресе Жедел әрекет ету жасағына барсам ба деген ой пайда болды. Жігіттердің сап түзегені де, киген киімдері мен формалары да өте айбынды, көздің жауын алады. Бұл маған үлкен мотивация берді».

Тартысты әрі қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша белсенділік танытқан барлық қатысушылар Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай практикалық шаралар жас буынның заңға деген құрметін арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтудың ең тиімді жолы екенін жеткізді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»

Фото: Ақсая ЖАЛҒАС