«ЗАҢДА БЕДЕЛ ЖОҚ, ЗАҢ БЕДЕЛДІЛЕР ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ»

Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында еліміздің түрлі саласындағы түйткілді мәселелер тілге тиек етілді. Соның бірі ретінде Президент қоғамдағы заңның пәрмені жайында біршама ой айтты. Бұл туралы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы Руслан Тоқатовпен әңгіме өрбіткен едік.

Біздің қоғам Президент айтқан жасампаз плюрализмге қалай жете алады? Өзгелердің позициясын түсіне білу қаншалықты маңызды?

– Біздің қоғамдағы Президент айтқан жасампаз плюрализмге жетудің ең басты жолдары мынадай бағыттарды қамтамасыз етеді:

Біріншіден, Қазақстанда халықтың саны жиырма миллионның үсті болатын болса, мұның ішінде жүзден аса ұлт бар. Дәл бүгінгі таңда бізде он сегіз жалпы конфессия бар. Осы өңірдің өзінде орналасқан халықтың әр түрлі діни көзқарасы – үлкен мәселе. Яғни бізде қазіргі таңда әр түрлі пікір, әр түрлі ой өте көп. Президенттің айтуынша, бізге не керек? Қазір басты орында адами құндылықтарды сақтау керек. Яғни адамның ұлты, діні емес, ең алдымен – адам позициясы. Мұның ішінде, Президенттің айтуынша, біз бірінші орынға адамгершілік қасиеттерді шығару арқылы оны негізгі құндылық ретінде дәріптеуіміз және сол адамгершілікке апаратын кез келген жолға халықты жұмылдыра білуіміз керек. Адамгершілік мәселесі бірінші орынға шығатын болса, онда заң да жұмыс істейді, саясат та үлкен бірлестікке жетеді. Экономиканың да алатын орны үлкен деп тануға болады. Мысалы, осы жасампаз плюрализмге жетудің ең басты жолы – қоғамдық қарым-қатынастарда адамгершілік қағидаларының басшылыққа алынуы және сонымен қатар кез келген қоғамдық қарым-қатынаста заң негізінде құқықтық реттеуді басты орынға қою.

– Жастарды құқықтық мәдениетке қалай баулуға болады?

– Жастарды құқықтық мәдениетке баулудың алда тұрған ең басты жағдайы не нәрсе? Бәріміз өте жақсы білеміз, «ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» демекші, бірінші мәселе – жастарды заңға баулу кезінде ересек буын, ақсақалдарымыздың өзі заң мәселесін алға шығаруы керек. Яғни қазіргі таңдағы құқық, заң мәселесі мемлекетте басымдық таныта білуі керек. Біз қазіргі кезде өте жақсы зейін қоятын, мән беретін мәселелердің бірі – егер де кез келген қарым-қатынаста заңды құқықтық реттеу мәселесі негізгі орынға шықпайтын болса, онда көп мәселеде болашаққа балта шабылады. Бұл – ақиқат. Мысалы, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық деген сияқты басқа да толып жатқан құқықбұзушылықтың белең алуының басты мәселесі нақты қазіргі таңда біздің қоғамда, қоғамдық қарым-қатынастардың ішінде заңдылықтың шынайы қолданылу мәселесінде әлі де болса толыққанды қамтылмай отырған көптеген тетіктің бар екенін анықтайды. Яғни бірінші мәселе жастарымыздың санасына нақты заңның түсініктері жетпеген. Яғни заң қатал, бірақ оның заң екені, адамның заңды білмей қылмыс жасауы оны жауапкершіліктен босатпайтыны және заңмен байланысты сол сияқты көптеген өзге де мәселелерді жан-жақты тиянақты дәріптеу арқылы олардың санасына сіңіру керек. Сонымен қатар белгілі бір мемлекетте заң салтанат құратын болса, онда бізде, жалпы айтады ғой, заң пәрменді болса, қоғамдық қарым-қатынастар дәрменді болады. Бұл қағидалардың барлығын жастарға жан-жақты бекітіп түсіндіргеніміз абзал.

– «Заң бар жерде тәртіп бар» екенін айтты Мемлекет басшысы. Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Қазір еліміздегі заңның әлеуеті қаншалық?

– Бізде, бізде ғана емес, дүниежүзіндегі үлкен бір кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Осы сыбайлас жемқорлықтың дамуына үлкен бір септігін тигізетін, қоғамда келеңсіздікке себепкер екі мәселе бар. Оның біріншісі заңның жұмыс істеу тетіктеріне байланысты мынадай ақпараттарды ортаға салады: яғни «заңда бедел жоқ, заң беделділер үшін қызмет етеді» деген түсінік бар. Екінші мәселе – заң қай уақытта дұрыс жұмыс істейді? Егер халықтың әлеуметтік жағдайы, экономикалық жағдайы жақсаратын болса, онда халық ең алдымен осыған бой ұсынады. Яғни екінші мәселеде бизнес пен мемлекеттің байланысы туралы сөйлесу керек. Қазір мынадай тағы да бір үлкен пікірталас бар: заң туралы көп айтылып отырған заттардың бірі «бизнесмен мен шенеунік – бір тұлға» дейді. Осындай кері көзқарастарды жоятын болсақ, онда заң шынайы түрде дұрыс жұмыс істей бастайды. Қоғам нақты түсіну керек, бірінші орында жаңадан сайланған президент, әкім, саясаткер емес нақты мәселені шешетін, оны шешуде ең алдымен заңға қарауымыз керек. Өйткені адам ертең бар, бүгін жоқ, ал заң қала береді. Сондықтан халық бізде осы заңмен шешу мәселесін бірінші орынға қоятын болса, заңды беделді деп түсінетін болса. Сонымен қатар заңның қарпі мен рухын жалпы тәжірибеде қолдануда толыққанды еңсере алатын болса, онда бізде қазір осы айтылып отырған заңның әлеуеті өте жоғары, үлкен ұстанымдарға жететін еді. Бұл жердегі үлкен бір негізгі орын алатын жағдай құқықтық сана, құқықтық тәрбие қоғамға қазіргі кезде жалпы заң саласына қатысты жас кезінен бастап соның түсінігі менен мән-мағынасын жан-жақты түсіне алатын болсақ, онда осы бағытта жасалатын жұмыстар үлкен жемісін беретіні – ақиқат.

– Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер бар. Сонымен қатар Қазақстанда да солай еңбек етіп жүрген шетел азаматтары жетерлік. Қадағалау қалай жүруде? Оның зиян жақтары қандай?

– Еңбек мәселесіне келетін болсақ, әлбетте, бізде қазіргі кезде Президенттің айтуы бойынша, шетелде ресми жұмыс істеп жүрген екі жүз мыңнан астам азаматымыз бар. Бейресми барып жұмыс істеп жүргендер одан да көп. Шын мәнінде, олар шетелге неге кетеді? Біріншіден, оның басты себебі осы өзінің тұрып жатқан елінде табатын табыстары шынайы қазіргі күнделікті өмір сүруіне мардымсыздық танытады. Соған сәйкес енді ешкім шетелге жұмыс істегенде жақсы өмір іздеп бармайтыны анық. Президенттің айтып отырғаны – «бір жерде отырып қалма» дейді. Қазақта жақсы сөз бар: «көп тұрған су сасиды, ойламаған ми сасиды». Яғни даму керек. Шетелге барсын, дамысын, көрсін, білсін деген сияқты мәселе. Бірақ дамудың ең бірінші көрсеткіші – шетелге барып тек қана жұмыс істеу емес, сонымен қатар шетелге барып оқыған дұрыс. Сол жақтан білім алған, соны әкеліп осы жақта дамытқан дұрыс. Екінші мәселе – шетелге барып жұмыс істеу. Негізі, сол жақта жұмыс істеуде ең қатты қызықтыратыны – қаражат жағы. Осы жақта адам бір ай жұмыс істеп орташа екі жүз, үш жүз мың жалақы табатын болса, дәл сол жұмысты Еуропаның басқа да дамыған елдерінде істесе, еселеп артық табатыны – ақиқат. Сол арқылы қарызын жауып, пәтер алып, үйленеді. Астына көлік ала алмай жүргендер көлік алады деген сияқты мәселелер үшін барады көбісі. Сондықтан осы жағдайда біз негізінен осы гастарбайтерлікке көзқарасымызды дұрыстауымыз керек. Шетелге барып жұмыс істеп, кейін табысын ала алмай жатқандар да болады, басқа да көп мәселе бар. Біздің үкімет тарапынан осындай қарым-қатынастарды реттейтін болса, халықаралық келісімшарттарға отыру арқылы осы мемлекеттер арасында заңсыз іс-әрекет болмас үшін, біздің азаматтар заңсыз барып жұмыс істемеуі үшін не істеу керек? Сол жақтағы әр түрлі келісімшарт арқылы оларға мүмкіндік туғызу керек. Олар тек ақша тауып қана қоймай, ол жақтан үйренгенін бізге әкеледі.

– Президент құрылтайда әлеуметтік жәрдемақыға қол жайған жастар мәселесін тілге тиек етті. Жастардың осылай елге масыл болып бос отыруына кім кінәлі? Бұл кінәратты қалай жөндей аламыз?

– Ең алдымен қазіргі кезде шынайы нарықтық мәселеде, сұраныс пен ұсыныста үлкен бір кереғарлық тұрғанын байқаймыз. Шын мәнінде, бізде қаншама адам оқуын оқып, бірақ жұмысқа тұра алмайды. Жұмысқа тұрғанның өзінде алатын еңбекақыларына қанағаттанбайды. Шетелден жақсы оқу орнын бітіргендердің өзі Қазақстанда сол білімді қолданатын базалардың жоқтығы – басты мәселе. Сондықтан көбісі осында тұрақтамай, шетелге қайта кетіп жатады. Бізге сондықтан экономикалық жоспар жасау керек. Қазақстанда болашақта қандай мамандар керек? Қажет салаларға байланысты гранттар бөлу мәселесін де реттеу керек. Бізде қарапайым электрик, құрылысшының жетіспеушілігі бар. Еңбек нарығында осындай қарапайым мамандықтарға үлкен тапшылық бар. Олардың орнын шетелден келген жұмысшылар басып жатады. Оларда экономикалық жағдай төмен болғандықтан, осында арзан төленетін ақша ол жақта үлкен табыс болып көрінеді. Мұның жаман жағы – біздің өз азаматтарымызға еңбек нарығы жабылады да, көбісі арзан жұмыс күшін жалдағысы келеді. Сондықтан үкімет осы мәселелерді шешуі, реттеуі керек деп білемін. Жастарымыздың болашағына жол ашатын мүмкіндіктер туғызуымыз керек.

– Тұшымды әңгімеңіз үшін рақмет!

Нұрәсем АХАН,«QH»