Заңға қайшы әрекет

Интернет-алаяқтықтың 475 және есірткі қылмысының 74 фактісі тіркелді. Қарағандыда заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған рейд жүргізілді.

Есірткі саудалау арқылы сананы улаушылар мен интернет-алаяқтар – қазіргі қоғамның басты проблемаларының бірі. Полиция бөлімшесінің қызметкерлері №3 автобазамен бірлесіп автошеру ұйымдастырды. Автобустарға интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу жайлы ақпараттық баннерлер ілінген. Әр аялдамада еріктілер қала тұрғындары мен қонақтарына интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмау жолдарын, есірткінің зияны туралы айтып, жадынама парақтарын таратты.

– Бүгін қоғамдық қауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі тұжырымдамасын орындау шеңберінде нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында шара өткізілуде. Жергілікті атқарушы органдар Полиция басқармасымен, прокуратурамен бірлесіп белсенді жұмыстар жүргізуде. Бұл профилактикалық түсіндірме жұмыстарына қалалық штаб еріктілері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, қала еріктілері тартылған, – деп атап өтті Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Тұрақты түрде жүргізілетін рейдтерден бөлек қаладағы барлық кинотеатрда әр көрсетілім алдында, сондай-ақ көшедегі LED-экрандарда интернеттегі алаяқтық әрекеттердің әдістері мен тәсілдері, есірткі қолданудың қауіп-қатерлері туралы тұрғындарға ескерту мақсатында бейнероликтер көрсетілуде.

– Халыққа нашақорлыққа, интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық шаралардың маңыздылығы туралы қосымша түсіндіру қажет. Өкінішке қарай, фактілер айқын. Бұл – жергілікті атқарушы органдар айналысатын негізгі бағыт. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығы биыл жеке жобаны жүзеге асырып жатқанын атап өткім келеді, – дейді Ләззат Ақылжанова.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»