Өз саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер журналист

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы публицист, «Орталық Қазақстан» газетінің ардагері Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев салтанатты жағдайда табыстап, қаламгерді айтулы марапатымен құттықтады.

Салтанатты қабылдауға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, «Парасат» орденінің иегері, ардагер журналист Аман Жанғожин, зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен қаламгердің жақындары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Сүйіндік Жұмабайұлының ел журналистикасы мен ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Аймақ басшысы оның саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге, ел өміріндегі маңызды мәселелерді көтеруге және ұлттық руханиятты насихаттауға арнағанын айтты.

– Сүйіндік Жанысбай бірнеше буын журналистің қалыптасуына ықпал етіп, кәсіби шеберлігімен ғана емес, азаматтық ұстанымымен де құрметке ие болған тұлға. Оның мақалалары мен публицистикалық еңбектері қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, оқырманның ойына қозғау салды. Сондықтан бұл марапат бір қаламгердің ғана емес, Арқа журналистикасына көрсетілген құрмет ретінде бағаланатынын жеткізді, – деді облыс әкімі.

Сүйіндік Жұмабайұлы – ұзақ жылдар бойы өңірдің бас басылымдарының бірінде еңбек етіп, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды оқырманға жеткізді. Сонымен қатар көркем және деректі шығармалар жазып, тарихи тұлғалардың өмірі мен ел тарихына қатысты еңбектері арқылы қазақ әдебиетінің қорына өзіндік үлес қосты. Оның еңбектері әрдайым шынайылығымен, тілінің көркемдігімен және өмірдің өзінен алынған оқиғаларымен ерекшеленіп келеді.

– Сүйіндік Жұмабайұлының қай кезеңде де кәсіби ұстанымынан айнымай, өңірдің шежіресін жасаған санаулы журналистердің бірі. Сондықтан «Парасат» ордені қаламгердің ұзақ жылғы адал еңбегіне берілген лайықты баға, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Көпшілік алдында сөз алған Сүйіндік Жұмабайұлы мемлекеттік марапатты үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын айтты. Ол Президентке, облыс басшылығына, әріптестеріне және оқырмандарына алғыс білдіріп, бұл марапатты бірге еңбек еткен ұстаздары мен әріптестерінің ортақ жетістігі ретінде қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ журналистиканың басты мақсаты халыққа адал қызмет ету екенін айтып, осы ұстанымнан ешқашан айнымағанын атап өтті.

Кездесу соңында қаламгер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа өзінің «Әлемге әйгілі Әлихан» атты деректі романын тарту етіп, ақ батасын берді. Салтанатты кездесу ұлттық журналистика саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер қаламгердің еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі. «Парасат» ордені Сүйіндік Жанысбайдың шығармашылық жолына берілген жоғары мемлекеттік баға мен ел журналистикасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесінің лайықты бағаланғанының белгісі екені анық.

Ералы ҒАНИ,

«QH»