Өз дәуірінің танымал ансамблі

«Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблі 2019 жылы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің негізінде құрылған. Ансамбльдің басты мақсаты – қала тұрғындарының мәдени бос уақытын және демалысын ұйымдастыру. Өнерлі ұжым алғашқы уақытта облысымыздың өнерлі азаматтарын қолдау, бос уақыттарын тиімді өткізу, музыкалық сауаттарын арттыру, орындаушылық шеберліктерін қалыптастыру мақсатында ашылған. Ансамбльдің негізін қалаушы әрі жетекшісі – ақын, композитор Есбол Әлғожин.

– Біз сүйікті қаламыздың кез келген іс-шарасына қатысып белсенділік танытып келеміз. Топ мүшелері – орта жастағы азаматтар. Біздің ұжымға келемін, алтын уақытын тиімді өткіземін деген жерлестеріміз болса, қуана-қуана құшақ жайып қарсы аламыз. Есігіміз ашық. Қалаған икемі бар аспапты үйретуге жағдай жасаймыз. Біздің құрамға қазіргі таңда вокалист қыздар, ақындар жетіспейді, – дейді ансамбль жетекшісі Есбол Әлғожин.

Өнерлі ұжымның құрамында 4 музыкант бар, оның арасында көзі нашар көретін композитор Мұрат Алтынбековке жан-жақты көмек көрсетіліп, шығармашылықпен айналысу үшін «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің ашылуына мұрындық болған.

– «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің ұжымы – жақсы адамдар. Бәрі бауырмал, 2021 жылға дейін біз көптеген шараға қатыса алмай қалдық. Коронавирус қолбайлау болып, өнеріміз тұралап қалды. Жігіттеріміз өнерлі, кез келген аспапта ойнайды. Электронды аспаптарды үйрету балаларға қиын болғандықтан, біз қатарымызға ересек адамдарды қабылдауға тырысамыз. 12 желтоқсанда біздің сүйікті ансамблімізге бес жыл толғалы отыр, – дейді композитор Мұрат Алтынбеков.

Кейіпкерлеріміз көптеген концерт беріп, челлендждерге қатысып, қайырымдылық акцияларда, мәдени-көпшілік іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің көркі саналған жезтаңдай әншісі – Түсіпова Айгүл Советқызы.

– Қаламызда мәдени саланың дамуына, халықтың рухани нәр алып баюына белгілі бір деңгейде өзіндік үлес қосып жүрген ұжымдар баршылық. Осы тұрғыда кенді өлке, кеншілер шаһарының мәдени саласына араласып, гитараны өмірлік азық еткен ақын, сазгер, музыкант әріптестерімнің атқарып жатқан еңбектері ұшан-теңіз. Өзім ән айтуды бала кезімнен ұнаттым, вокал курсына барып білімімді шыңдадым. Қазір Майқұдық мәдениет үйінде өнер көрсетіп жүргеніме қуаныштымын. Мерекелердің көркі – біздің ұжым, – деп бөлісті Айгүл Түсіпова.

Бүгінгі таңда өнер адамына шыңдалу үшін барлық мүмкіншілік жасалуда. Өнердің сыншысы халық болғаннан кейін, оған лайықты бағасын беретін де – көзі ашық, көкірегі ояу осы халық. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Қарағанды халқы қашан да шын таланттың лайықты бағасын беруге ынтызар. Бізде кей өнер адамы белгілі бір атаққа, марапатқа құмартып, сол үшін өз талантын шамаламай тұрып биікке талпынып жатады. Ал «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблі қарапайым жандардан құралған, олардың бірі – бас гитарист Нұролла Нұрбеков.

– Бұл ортаға мен ән айтқаным ұнағандықтан келдім. Мәдениет саласының қызметкерлерінде жалақы аз болғанымен, олар рухани бай. Ел үшін, халық үшін қазақша әндер орындап жүрміз. Өзіміздің авторлық әндеріміз халық бағасын алды. Өнердегі өмір өрнегі болған еңбегімізді бағалап, бағасын берген халыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп атап өтті «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің бас гитарисі Нұролла Нұрбеков.

Таныссыз танылған топтың бүгінгі күні ән жинағында жиырмадан астам авторлық ән бар. «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің жетістіктері жетерлік, біз соларды тізбектеп көрдік:

  • А.Қоразбаевтың 75 жылдығына арналған «Думанды Меркі – өнердің көркі» облыстық фестиваліне қатысқаны үшін ақшалай сертификатпен және алғысхатпен марапатталды (Жамбыл облысы, Меркі);
  • «Аккорд – 2023» облыстық бард ән фестивалінің қатысушылары, дәл сол байқауда «Дуэт» номинациясының дипломанты атанды;
  • «Жезқазғанның ішекті аспаптары» бард әндерінің республикалық фестивалінде «Үздік ансамбль» аталымының екінші дәрежелі диплом иегерлері;
  • «Жан шығармашылығы» XXV облыстық фестиваліне белсенді қатысқаны үшін диплом;
  • «Тұғыры биік тәуелсіздік» патриоттық әндер фестиваліне белсенді қатысқаны үшін диплом.

Айта кетейік, 2024 жылдың 17 мамырында Жаңа Майқұдық мәдениет сарайында «Дәуір» вокалды-аспаптық ансамблінің есеп беру концерті өтеді, келем деушілерге есік ашық, кіру тегін. Келіңіздер, көріңіздер!

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH