Ыстық ауа райының адам денсаулығына зияны

Адам тыныс ала алатын ең жоғары температура шегі 116 градус болғанымен, жаздағы +30 градус ыстыққа төтеп берудің өзі оңай емес. Жазда тымырсық ауада тыныс алу әсіресе қала тұрғындары үшін ауыр. Оған басты себеп – асфальт, көлік түтіні, көпқабатты ғимараттар. Шілденің шіліңгір ыстығы бәрімізді әбігерге салады. Күннің ыстығы адам ағзасына қалай әсер етеді?

Ыстық ауа райында жүрек-қантамырлар жүйесі зардап шегеді. Қапырық күн ауаның құрғауына, салдарынан оттегі жетіспеушілігіне алып келеді. Жастар үшін мұндай өзгеріс аса қатты қиындық тудырмайды, себебі олардың денесіндегі термореттегіш механизмі тиімді жұмыс істейді. Ал жас ұлғайған сайын, ыстық ауа райы азапқа айналады. Жүрек-қантамырлар жүйесінің жұмысы күн ысыған сәтте қиындайды. Бұл жүйе термореттеу механизмі кезінде белсенді қызмет атқарады. Құрғақ әрі ыстық ауа райында қан ұйып, тромбылар түзіле бастайды екен. Ал қанның ұюы – инсульттың басты себебі.

Сұйықтық жетіспеушілігі. Күн ысыған сәттен бастап тершеңдік өрши түседі. Қанша жерден адамға жағымсыз әсер етсе де, бұл үрдіс адамның ағзасы үшін қажет. Ол ағза жұмысын бір қалыпқа келтіріп, денені салқындатуға әсер етеді.

Мазасыздық пен ашушаңдық. Күннің ыстығы тек адамның физикалық жағдайына ғана емес, психикалық денсаулығына да әсер етеді. Ғалымдар ауа температурасы көтерілген кезде адамның ашушаңдық деңгейі де артатынын дәлелдеген.

Мамандар күн ыстықта денсаулықты қалай сақтауға болатынын былайша түсіндіреді:

  • Жүрек ауруы, қан қысымы мен қантамырларының дерті бар адамдарға далаға шықпаған дұрыс. Олардың арнайы салқындатылған бөлмеде жұмыс жасағаны не демалғаны жөн. Сондай-ақ калий мен магнийге бай жеміс-жидектерді күнделікті рационға қосқан артық етпейді. Ал көшеге шыққан жағдайда арнайы қолшатыр ұстап, баскиім киюді, қосымша арнайы дәрі-дәрмек алып жүруді ұсынады;
  • Сұйықтықты көбірек тұтыну: тек қана су емес, аздаған қантты шырын, шай, компот. Газдалған минералды сусындар жоғалған электролиттерді қалпына келтіреді. Ал алкогольды өнімдерден аулақ болған жөн;
  • Жеңіл әрі кең киім киген дұрыс. Синтетика материалынан мүлдем бас тартқан абзал;
  • Күн ыстықта есінен танған жағдайда лимфатүйіндер аймағына, қол мен құлақтың артқы жағына мұз басқан жөн.

Күннің ыстығы адам ағзасына қалай әсер етеді? Біз бұл сұрақты қала тұрғындарынан сұрап көрдік.

– Күннің ыстығында жүргіміз келмейді, бас ауырып, қысым көтеріледі. Мүмкіндігінше үйден шықпай жатқанға не жетсін… Өз басым салқын үйде кітап оқығанды жөн көремін. Мүмкіндік болса, туған-туыстарымызбен табиғат аясына шығып демалған да жақсы. Ыстық күні суға түскен, демалысты тиімді өткізген дұрыс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Айжібек Азаматқызы.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»