Ыстық ауа райының адам ағзасына әсері
Жазғы кезеңде ауа температурасының күрт жоғарылауы адам ағзасына айтарлықтай күйзеліс әкелуі мүмкін. Мұндай ыстық ауа райы денсаулыққа кері әсер етіп, кейбір жағдайларда ауыр ауруларға ұласуы ықтимал. Осы себепті дәрігерлер күн астында ұзақ уақыт болмауға, су ішу режимін қатаң сақтауға және қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді.
Ыстық күндері, әсіресе ашық аспан астында жұмыс істеген кезде, адам ағзасы 2-ден 6 литрге дейін сұйықтық жоғалтады. Сондықтан су ішуді ұмытпау өте маңызды. Сонымен қатар, жоғары температура мен ылғалдылықтың үйлесімі денсаулыққа аса қолайсыз жағдай туғызады.
№2 көпбейінді аурухананың кардиолог дәрігері Абзал Сафарханұлының айтуынша, температураның күрт ауысуы қан тамырларының түйілуіне, жүрек ритмінің бұзылуына және инфаркт қаупінің көбеюіне себеп болуы мүмкін. Әсіресе, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы немесе созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар адамдарға, сондай-ақ қарттар мен балаларға бұл жағдай аса қауіпті. Осыған байланысты дәрігерлер жеңіл киім киіп, бас киім тағуды, сондай-ақ күн сәулесінен қорғануды ұсынады.
Қызу көтерілуінің алғашқы белгілері байқалса – бас айналу, жүрек соғысының жиілеуі, суық тер, бет терісінің қызаруы – жедел түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Сонымен қатар, жылу өту құбылысы тек ашық ауада ғана емес, жабық бөлмеде де орын алуы мүмкін. Ауа температурасы жоғары, ал ылғалдылық төмен болған кезде адамның денсаулығы қатты зардап шегуі ықтимал. Мысалы, +40°C температурадағы 30% ылғалдылық пен +30°C температурадағы 80% ылғалдылықтағы жағдайлардың адам ағзасына әсері ұқсас болады.
Сондықтан жаздың аптап ыстығында өз денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Күннің және жылу өтудің белгілеріне аса назар аударып, алдын алу шараларын ұстану маңызды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»