ҚЫРАҒЫ КАМЕРА – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Қарағанды мен Теміртауда 1 шілдеден бастап «Аргус – жаяу жүргінші» камералары қосылды. Олар зебрадағы адамдарға жол бермейтін көліктерді тіркейді. Камералар әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандардың жанындағы ең қарбалас жол учаскелерінде орнатылған.

Олардың негізгі міндеті – жол-көлік оқиғаларының, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің алдын алу. Камералар бірнеше фотосурет пен қысқа бейнелер түсіру арқылы ереже бұзғандарды тіркейді.

– 1 шілдеде Қарағанды мен Теміртауда 22 «Аргус – жаяу жүргінші» кешені іске қосылады. 12 камера облыс орталығында, ал 10 камера металлургтер қаласында. Бұған дейін мұндай төрт кешен Қарағандыда тестілік режимде жұмыс істеп тиімділігін көрсетті. Олар адам факторы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоққа шығарады. ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабында көрсетілгендей, жаяу жүргіншілерге жол бермеген жүргізушілерге 10 АЕК (36 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілерді өткізбеудің 300-ден астам фактісі тіркелді. 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Жаяу жүргіншілерді 40 рет қағып кеткен, онда 8 адам қаза тапқан. Тағы 39 адам жарақат алыпты. Камералар адам мен көлік пайда болған кезде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінің аймағын тіркейді.

– «Аргус – жаяу жүргінші» камералары 2021 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Қауіпсіз қала» жобасы аясында орнатылды. Осы уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін 148 кешен пайда болды. «Аргус – жаяу жүргінші» камералары да жүргізушілерді тәртіпке келтіруге арналған. Бұл кешендердің жұмыс принципі компьютерлік бақылау технологиясына негізделген, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Қарағанды облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бастамасымен Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған 6 мыңға жуық бейнекамера орнатылды. Келесі жылы олардың санын кем дегенде 400-ге көбейту жоспарланған. Сонымен қатар 1 шілдеден бастап Қарағанды облысында екі мобильді жылдамдықөлшегіш іске қосылды. Олар ЖПҚ патрульдық машиналарында орнатылады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»