Ғылым мен бизнес дамуы талқыланды

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігі өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың өкілдерімен ғылым мен бизнес байланысы жөнінде кездесу өткізді.

20-дан астам қазақстандық жер қойнауын пайдаланушы ірі компания өкілдері Теміртаудағы Қарағанды индустриялық университетінде өткен «Бизнеспен диалог: ғылымның дамуындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың рөлі» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Әңгіменің негізгі тақырыптары өңірдегі ғылымды дамыту, университеттер мен ҒЗИ-дің бизнес-қоғамдастықпен байланысы, ғылыми кадрлар даярлау, ірі бизнес тарапынан өңірлік университеттерге қолдау көрсету және т.б. болды.

Талқылауға сондай-ақ ҚарИУ ректоры Болатбек Әбдірәсілов, Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Владимир Яблонский, «Тау-Кен Темір» ЖШС бас директоры Рустам Ақбердин, QazTehna корпоративтік университетінің басшысы Айдос Айтбаев қатысты.

Кездесуді ашық деп жариялаған министр бизнес-қоғамдастық өкілдерін жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналып қабылданған тұжырымдамасының басымдықтары туралы хабардар етті.

Министр атап өткендей, университеттердің академиялық артықшылығы стратегиялық мақсаттарға, атап айтқанда, ірі бизнеске бағдарлануға, ғылыми орталықтар құруға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыруға және еңбек нарығының қажеттіліктеріне кадрлар даярлауға негізделген.

– Біз ҒЗТКЖ- ға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, содан кейін өндіріске шығу үшін ғылым, бизнес және жергілікті билік арасындағы маңызды диалогті бастауымыз керек. Сіздердің аймақтарыңызда ғылымды дамыту және жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін орасан зор өнеркәсіптік әлеует бар. Қазіргі уақытта министрлік экономиканың өндірістік секторларына ғылымды қажетсінетін зерттеулерді тартуға ықпал ететін «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын әзірлеуде, – деді министр.

Ол сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінде ҒЗТКЖ жалпы көлемінің шамамен 70%-ын жекеменшік немесе мемлекеттік кәсіпорындар орындайтынын атап өтті. Бұл елдерде мемлекеттің қаржы құралдарын қолдануы өте тиімді және бизнес тарапынан ғылым жөніндегі инвестицияның өсуіне ықпал етеді. Сонымен, мемлекеттің ҒЗТКЖ-ға салықтық жеңілдіктер немесе тікелей қаржылық қолдау арқылы жұмсаған 1 еуросы бизнесте шамамен 1,4 еуро болады.

– Тапсырыс берушілер ретінде біз Қарағанды индустриялық университетінің базасында зерттеулердің қалай жүргізілетініне ризамыз. Өз кезегінде техникалық базаны жақсарту үшін ғылыми жұмыстарға арналған жабдықтарды жаңғыртуға қатысты. Біз министрліктің қолдауымен ЖОО мен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз, – дейді «Тау-Кен Темір» ЖШС бас директоры Рустам Ақбердин.

Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы үшін университет ғылымын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз «Саран» индустриялық аймағын дамытып жатырмыз және проблемаға тап болдық: бізге жақсы мамандар, инженерлер жетіспейді. Техникалық білімі бар 1000-нан астам адам қажет, – деді өңір басшысы.