Ғылымға қолдау
Қытай-жапон ауруханасының мамандары Қарағанды дәрігерлерімен денсаулық сақтау саласында әріптестік орнатуға ниет білдірді. Бұл ынтымақтастық ғылымға серпін беріп, екі тарапқа да тиімді болмақ.
Цзилинь университетінің Қытай-жапон аурухана делегациясының аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев және Қарағанды дәрігерлерімен кездесуі өтті. Бүгінгі таңда аймағымыз денсаулық сақтау саласында мақтанарлық жетістіктерге ие. Өңір басшысы Қарағандының медициналық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Медициналық инфрақұрылым қарқынды дамып, заманауи технологиялар енгізілуде. Мамандарға білімді ел ішінде де, шетелде де алуға мүмкіндік бар.
– Ертеден келе жатқан медицина университетіміз, екі ірі колледжіміз, жақсы клиникаларымызда бар. Дамыған, республикамыз бойынша алдынғы қатарда, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қытай тарапы біздің дәрігерлермен ынтымақтастыққа көптен қызығушылық танытып келеді. Алғашқы жобалар сәтті жүзеге асырылып үлгерді. Биыл роботтандырылған жүйе көмегімен миға жасалған операциялар кеңінен танылды.
– Бұл жүйе бізге ми ісігі, эпилепсия және басқа да жүйке жүйесінің бұзылуларына байланысты түрлі операция жасауға мүмкіндік берді. Апробация кезеңінде біз 11 операция жасадық, олардың кейбіреулері Қазақстанда алғаш рет орындалды. Соның ішінде эпилепсия, Паркинсон ауруы және басқа да сырқаттар кезінде миға терең ынталандыру, дәлірек айтсақ DBS-терапия жүргізілді, – деп атап өтті Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Мақажанов клиникасы миға терең ынталандыру жүйесін қолдануда үлкен тәжірибеге ие. Бұл жоба 2017 жылы басталып, осы уақыт аралығында 100-ден астам пациентке операция жасалған. Аурухана нейрохирургия саласында Қазақстанда көшбасшы саналады және өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.
– Ынтымақтастығымызды одан әрі дамытып, бұл технологияларды біздің ел аумағында енгізуді қалаймыз. Себебі, біздің аурухана – еліміз бойынша нейрохирургиядан көшбасшы, – деді Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Сонымен қатар, Қарағанды медициналық университеті Қытайдың екі жоғары оқу орнымен – Қытай медициналық университеті және Сиань университетімен ынтымақтасып келеді. Алдағы уақытта Мақажанов клиникасымен бірлесіп, Цзилинь университетімен әріптестік орнату жоспарлануда.
– Қазақстан мен Қытай – көптен бергі серіктестер. Біз мұнда тәжірибе алмасуға және сіздерден үйренуге келдік. Болашақта бірлесіп жұмыс істеуге үміттіміз, – деді Цзилинь университетінің Қытай-жапон ауруханасы нейрохирургия бөлімінің директоры Юфэй Гао.
Ермағанбет Бөлекпаев өз кезегінде өзара тиімді әріптестікті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»