ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚҰРЫҚТАЛДЫ

14 пәтерді заңсыз иемденген қылмыстық топ қолға түсті. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы «қара риелторлар» деп аталатын топтың заңсыз әрекетін әшкереледі. 28 адамнан тұратын топ құрамында заңгерлер, адвокаттар мен нотариус та болған.

Барлығы қамауға алынды. Олар қорқыту және зорлық-зомбылық көрсету арқылы зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың және алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдардың үйлерін тартып алған.

Осылайша олар 14 пәтерді заңсыз ресімдеген. Қылмыстық топтың белсенді бір мүшесі – деструктивті діни ағымның жақтаушысы.

– Тінту шараларын жүргізу барысында әр түрлі жылжымайтын мүлік және жеке тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжат тәркіленді. Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр, – дейді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»