Қылқаламнан туған сырлы әлем
Қарағанды қаласындағы «Алтын Ғасыр» галереясында белгілі қарағандылық суретші Петр Кишкистің «Тұтастың бөлшектері» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияға суретшінің әр жылдары салған кескіндеме және графика туындылары қойылды.
Көрмедегі жұмыстарды суретшінің өзіндік қолтаңбасы және адам болмысының ішкі әлеміне деген қызығушылығы біріктіреді. Петр Кишкис шығармаларында архетиптік бейнелерді пайдаланып, көрерменге өзіндік ой түюге мүмкіндік беретін картиналар-метафоралар жасайды.
Экспозицияның атауы да суретшінің шығармашылық ұстанымын айқындайды. Жекелеген бейнелер мен детальдар біріге келе, адам, уақыт және қоршаған әлем туралы ой-толғанысты қамтитын тұтас көркем дүниеге айналады.
– Менің жұмыстарым алып фресканың фрагменттері секілді — бұл менің өмірімнің шежіресі, – деген еді суретші.
Петр Кишкистің туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Қарағанды облыстық музейінде, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдердегі жеке коллекцияларда сақтаулы.
Петр Кишкис 1953 жылы дүниеге келген. Львов көркемсурет училищесін және Мухина атындағы Ленинград жоғары көркемөнер-өнеркәсіп училищесін тәмамдаған. 1991 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
«Тұтастың бөлшектері» көрмесі суретшінің әр кезеңдегі шығармаларын бір кеңістікте тоғыстырып, оның өнердегі ізденістері мен адам табиғатына деген көзқарасын таныстырады.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

