Қылқаламмен өрілген арман

    Қарағандыдағы облыстық бейнелеу өнері музейінде №1 балалар көркемөнер мектебінің түлектері өздерінің қорытынды шығармашылық жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Дәстүрлі «Түлек – 2026» көрмесі жас суретшілердің төрт жыл бойы жинаған тәжірибесі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесін көрсететін орынға айналған.

Экспозиция музей мен мектептің көп жылдан бергі әріптестігі аясында ұйымдастырылды. Көрмеге композиция пәні бойынша орындалған дипломдық жұмыстар қойылып, келушілер түрлі жанр мен техникада салынған туындыларды тамашалады. Әсіресе туған өлкенің тарихы, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды арқау еткен картиналар көрермен назарын аударды. Биыл шығармашылық жобаларын қорғауға 39 түлек қатысты. Жас дарындардың қалыптасуына ұстаздар Әлия Сарымсақова мен Ольга Иващенко жетекшілік еткен.

Мектеп директоры Ерсін Темірғалиевтің айтуынша, жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орны талай таланттың қанатын қатайтып келеді.

– Мектептің іргетасы 1968 жылы қаланған. Мұнда балалар 5 жастан бастап қабылданып, 11 жасқа дейін даярлық топтарында оқиды. Ал 12 жастан бастап негізгі сыныпқа ауысып, төрт жыл бойы кәсіби білім алады. Бүгін сол еңбектің нәтижесі ретінде түлектеріміз дипломдық жобаларын қорғап, комиссия бағасын алуда, – деді ол.

Көрмедегі ерекше жұмыстардың бірі – 4 «Б» сынып оқушысы Адия Құдайбергенованың «Дәстүрлер тізбегі» атты туындысы. Жас суретші онда қазақтың сырға салу рәсімін бейнелеп, ұлттық дәстүрдің мәнін өз көзқарасымен жеткізген.

– Сурет салумен алты жасымнан бері айналысамын. Бұл жұмысты қаңтар айынан бастап дайындадым. Бала күнімнен отбасылық жиындар мен тойларға жиі қатысатынмын. Әсіресе, биыл өзім куә болған сырға салу рәсімі жадымда ерекше сақталып қалды. Сол әсерді сурет арқылы жеткізгім келді. Болашақта сәулетші болғым келеді, – дейді Адия.

Келушілер назарын аударған тағы бір еңбек – 16 жастағы Анастасия Александрованың гуашь техникасымен салынған «Алтыбақан» картинасы. Автор ұлттық құндылықтар мен табиғат үйлесімін, ұрпақтар сабақтастығын көркем тілмен жеткізуге тырысқан.

– Сурет өнеріне бес жасымда келдім. Бұл туындымдағы алтыбақанда тербелген қыздар – жастық шақ пен еркіндікті, ал киіз үй мен таулар – құт-береке мен халықтың биік рухын білдіреді. Осыған дейін де түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Болашақта киім дизайнері болуды жоспарлап отырмын, – дейді Анастасия.

«Түлек – 2026» көрмесі жас суретшілердің шығармашылық әлеуетін ғана емес, ұлттық мәдениетке деген құрметін де айқын көрсетті. Іс-шара соңында түлектерге көркемөнер мектебін тәмамдағаны туралы куәліктер табысталды. Көпшілік үшін бұл көрме жас буынның өнер арқылы өз ойын жеткізуге ұмтылған талпынысына куә болудың жарқын мүмкіндігі болды.

Фото Облыстық бейнелеу өнері мұражайынан

Ералы ҒАНИ,

«QH»