Қылқалам шебері
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде жерлесіміз, танымал суретші Айбек Бегалиннің «Атлантида» атты жеке көрмесі өтуде. Суретшінің шуақты Калифорнияға сегіз жылдық шығармашылық іссапары өте жемісті болды. Экспозицияда үлкен және шағын, кескіндеме және графикалық 145 жұмыс ұсынылған. Суретші Атлантида, мәңгілік өмір мен уақыттың өтпелілігі, футуристік мегаполис қалалары туралы философиялық ойларын көрсетеді.
Суретші көрермен назарына 2003 жылы бастап, биыл аяқтаған «Апокалипсис» циклінің үлкен бес картинасын ұсынды.
– Көрмеде 1996-2024 жылдары салынған 145 жұмысым бар. Бұл туындылар арасында 20 жыл бойы салған суреттерімнен «Атлантида», «Мегаполис», «Дирижабль», «Уақыт», «Жұлдыздың құлауы» бар. Негізгі қабырғаға қойылған осы бес жұмыстың барлығы 2003 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Көлемі 180х120. Жаңа жұмысым – «Орхидеялар» триптихі, мұнда сіз осы суреттердің эскиздері мен толық нұсқасын көре аласыз. Мен оларды салған кезде қалалық, ең минималистік интерьерді елестеттім. Ең ескі жұмыстарым 1996 жылы салынған, – деп атап өтті Айбек Бегалин.
Сондай-ақ философиялық жұмыстарға «Ойлану» атты картина да кіреді. Мұнда – тау шыңдары аясында бейнеленген Сиддхартха. Брахманның бейнесіндегі күшті пластикада «микеланджелдік» әсер көрінеді. Сиддхартха – Будданың туғанда берілген аты.
«Венера» композициясы да ерекше. Суретшінің өзі түсіндіргендей, Венера бейнесін заманауи түрде, нео-модерн стильде көрсеткісі келген. Витраж фонындағы квадрат Казимир Малевичтің «Қара квадратымен» байланысты авангард белгісі ретінде, Венераның өзі – классиканың символы.
– Айбек Бегалин – реализм жанрын ұмытпай классикаға негізделген суретші. Оның кілт сөздері: классика, реализм, табиғат. Ол өзін Антеймен кейіптейді. Жанды әсер алады, қиялдайды, елестетеді. Осыдан жеңіп шығу, жердің тартылу күші, басқа әлемдерге шығуға деген ұмтылыс мотивтері пайда болды. Мысал ретінде «Кемелер» топтамасын алайық. Кеменің мотиві суретшінің барлық шығармашылық өмірінен өтеді. Айбек мұндай тақырыпты кескіндеме мен графикада ойлап тапты. Ұшқан кеме – самғау, еркіндік пен рухтың еркін ұшуының символы. Сонымен қатар оның «Стилл лайф» (тыныш өмір, натюрморттар) циклінде біріктірілген шағын картиналары таңғалдырады. Көптеген жұмысы графика техникасында салынған. Суретші өзінің бегалиграфиясын графикалық тілде де, техникада да жетілдірді. Суретшінің кескіндемелік тілі айтарлықтай өзгерді: олар жарқын, контрастылы, пластикаға толы. Жалпы, жұмыс стилі дамып келеді, – деп атап өтті өнертану профессоры, ҚР Өнер академиясының академигі, Өнертанушылар қауымдастығының мүшесі Лариса Золотарева.
Экспозицияға пейзаж да кірді: Қарағандының «портреттерінен» «Кеншілер сарайындағы аллея», «Федоровка суқоймасы», сондай-ақ Қытай пейзаждары мен Лос-Анджелес маңындағы теңіз көріністері.
– Айбек Бегалин – өте еңбекқор, ізденімпаз суретші. Ерекшелігі – өз техникасына айналған бегалиграфиканы ойлап тапты, оны өзінен басқа ешкім сала алмайды, оның авторлық құқығы қорғалған. Және тағы бір ерекшелігі – 2007 жылы ол кісі Қарағандының гербін салды, – деп атап өтті музей директорының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.
ҚР Суретшілер одағының мүшесі, академик Болат Мұхамедиев Астанадан Айбек Бегалинмен жеке танысу үшін арнайы келген.
– Мен бұл адамды тек Facebook арқылы білемін. Бүгін, міне, арнайы танысу үшін, көрмесін тамашалау үшін Астанадан келіп отырмын. Өзім де суретшімін, мен де абстракциониспін. Айбек Бегалиннің соңғы жұмыстары керемет, бұл кісінің жұмыстары – бүкіл дүниежүзіне танымал, өте таңғаларлық жұмыс. Ол – жан-жақты суретші, реалистік картиналарды, портреттерді және күрделі дерексіз жұмыстарды жақсы біледі. Оның шығармалары өте көлемді, мұның бәрін жазып шығарудың өзі біраз еңбекті талап етеді, – дейді Болат Мұхамедиев.
Айбек Бегалин – қазақстандық белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Өнер академиясының дипломанты, Қытай Шығыс Халықаралық өнер институтының құрметті профессоры, ҚР Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталған, 2007 жылы 18 шілдеде қалалық мәслихат отырысында бекітілген Қарағанды елтаңбасының авторы, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры үшін көрнекті қазақ актерлерінің портреттер галереясын жасаған.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»