Құқықтық тәртіп әліппесі

Өңірімізде қоғам мен полиция арасындағы өзара сенімді арттыруға бағытталған тың бастама басталды. Қарағанды облысында «Құқықтық тәртіп әліппесі» атты жаңа жоба өз жұмысын бастады. Игі шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын жоғарылатып, полиция қызметінің ашықтығын күшейту. Жоба барысында белсенді жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, депутаттар және студенттер бір күнін құқық қорғау органдарының мамандарымен бірге өткізіп, олардың қызмет барысымен танысты.

Полиция департаментінің ғимаратында қатысушылар бөлімшелердің қызметімен жан-жақты танысты. Жалпы барлығы 11 бағыт қамтылды. Олардың қатарында тергеу, криминалистика, ювеналдық полиция, көші-қон қызметі, жедел басқару орталығы және арнайы мақсаттағы жасақтың жұмысы бар. Кіріспе таныстырылымнан соң қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, басшылықпен тікелей пікір алмасу мүмкіндігін алды.

– Бүгінде біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігін барынша күшейту, қылмыстың алдын алу және ашу жұмыстарын сапалы жүргізу. Бұл бағытта департаменттің барлық бөлімшесі үйлесімді жұмыс істеп келеді. Талдау жүргізу, патрульдік қызметті күшейту, жедел әрекет ету – басым бағыттардың бірі. Қазір біз цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, бейнебақылау жүйелерін жаңартып жатырмыз. Сондай-ақ, халықпен кері байланысты күшейту үшін ашық форматтағы кездесулер өткізіп, тұрғындардан келетін ұсыныстарды жедел қарастырамыз, – деді Қарағанды облыстық  полиция департаменті бастығының м.а. Жасқайрат Қайыров.

Қонақтарға арнайы жасақтың қару-жарақ үлгілері, тергеу-криминалистикалық полигоны және жылжымалы зертхананың мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай формат құқық қорғау органдарының қызметін жан-жақты әрі терең түсінуге мүмкіндік береді.

– Шара өте мазмұнды өтті. Полиция қызметінің ашық форматта таныстырылуы қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттырады деп ойлаймын. Қатысушылар үшін бұл – нақты жұмыстармен жақын танысудың тиімді мүмкіндігі болды. Ең бастысы, азаматтар құқық қорғау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көрді. Бұл түсіністік пен өзара құрметтің қалыптасуына ықпал етеді. Диалогтың тұрақты болуы – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды шарттарының бірі, – дейді қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова.

Таныстырылымның келесі бөлігі облыстық автожолдардың бірінде өтті. Мұнда құқық қорғау қызметкерлері жол қозғалысын бақылауда дрондарды пайдалану тәсілдерін және құқықбұзушылықты автоматты түрде тіркеу үдерісін көрсетті. Сонымен қатар «Ekin Patrol» жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылып, оның жылдамдық асыру секілді ережебұзушылықтарды бірден анықтай алатыны атап өтілді.

– Бұл құралдар жол қозғалысын бақылауды әлдеқайда жедел әрі дәл жүргізуге мүмкіндік береді. Дрондар көліктердің ағымын жоғарыдан бақылап, құқықбұзушылықты бірден анықтайды. Ал «Ekin Patrol» жүйесі жылдамдық асыру сияқты ережебұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Біз үшін ең бастысы – жол қауіпсіздігі. Заманауи жүйелердің арқасында апатты жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артып отыр. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан нақты қадам, – деп атап өтті Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас.

Одан кейін қатысушылар түрлі бағытқа бөлініп, әр бөлімшенің жұмысын жан-жақты зерделеуге мүмкіншілік алды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, аталған жоба алдағы уақытта тұрақты форматта жалғасады. Шараның негізгі мақсаты – полиция мен қоғам арасындағы өзара серіктестікті күшейту.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»