Құқықтық сауат күн тәртібінде

Қаламыздағы «Bolashaq» академиясында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Bolashaq» академиясы бірлесе отырып «Жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенім деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу» тақырыбындағы әлеуметтік жоба аясында кездесу ұйымдастырды.

Кездесуге мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, еңбек және құқық қорғау органдарының ардагерлері, облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» ҚБ өкілдері, Тілдерді дамыту басқармасының мамандары келді. Сонымен қатар «Bolashaq» академиясының студенттері және Қарағанды жоғары «Bolashaq» колледжінің студенттері қатысты.

Жиынды «Bolashaq» академиясының ректоры, профессор Гүлнара Рысмағамбетова алғы сөзімен ашып, бұл жиынның мән-мазмұнына тоқталып өтті.

Іс-шара мақсаты – мемлекет тарапынан студент жатардың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы хабардар болу, құқықтық қорғау және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру. Сондай-ақ жастар арасында құқық қорғау органдарының заңдылық сақтау барысында атқарып жатқан кешенді іс-шараларын түсіндіру. Сонымен қатар оқу процесінде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидасын және аталған мәселе жөнінде белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған.

Кездесу барысында «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері және жастардың құқыққа қайшы әрекеттер мен әрекетсіздіктерден хабардар болуы, құқықтық қорғалу және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында жастар арасында құқық қорғау органдарының оң имиджін нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ мамандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, тек әділдікке қарай бет бұру керегін жастардың санасына жеткізді. Қатысушылар да мамандарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

– Семинардың ұтымды тұсы – сыбайлас жемқорлықтың қоғамға жат, қауіпті індет екені нақты дәлелдермен айтылып, жастардың зиянды әрекеттен аулақ болуы, әділетті қоғам құруға белсене араласуы егжей-тегжейлі түсіндірілді, – дейді «Bolashaq» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Қарағанды облысы филиалының директоры Құрманғазы Сембиев.

Семинар жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мақсатында өткізіліп отыр. Жаңа Қазақстанның болашағы жастар қолында екені, жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі, саналы болуы, өзін және өзгені заң тұрғысынан қорғай білуі тұрғысында сұрақ-жауап арқылы жан-жақты түсіндірілді.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»