Құқықтық көмек – әр тұрғынға қолжетімді
Қарағанды қаласының Орталық саябағында тұрғындарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық пикник» атты ашық форматтағы ақпараттық-танымдық шара өтті. Қарағанды қаласы әкімдігі мен Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының бастамасымен «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылған жоба халыққа мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді.
Бүгінде мемлекеттік қолдау шаралары, әлеуметтік көмек, тұрғын үй мәселесі, алимент өндіру, мұрагерлік, еңбек даулары немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау секілді мәселелер бойынша тұрғындардың сұрақтары аз емес. Осындай түйткілдерді шешуге көмектесу мақсатында қолға алынған жоба саябаққа келген кез келген адамға алдын ала жазылмай-ақ кәсіби кеңес алуға мүмкіндік береді.
«Құқықтық пикник» жобасы 2026 жылғы 26 маусымнан бері өткізіліп келеді. Әр аптаның жұма күні ұйымдастырылатын кездесулерге заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік мекемелердің мамандары қатысып, азаматтардың сауалдарына жауап береді. Жоба 17 шілдеге дейін жалғасады.
Шара барысында тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй қатынастары, отбасылық құқық, алимент өндіру, несие жүктемесін азайту, мұра рәсімдеу, еңбек даулары және өзге де құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес алды. Сонымен қатар психологтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас, бала тәрбиесі, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайларды еңсеру мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.
Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы Анна Латоштың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтық көмекті барынша қолжетімді ету.
– Бүгін Отбасын қолдау орталығы «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Құқықтық пикник» ұйымдастырды. Бұл бастама азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Әр адамның құқықтық мәселесі болуы мүмкін. Осындай ашық форматтың арқасында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға осы жерде жауап алып, қажетті кеңеске жүгіне алады, – деді ол.
Ал Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының халықпен профилактикалық жұмыс жөніндегі маманы Гюзаль Ғабитованың айтуынша, саябақтағы қабылдау тұрғындарға уақыт жоғалтпай, бірнеше мемлекеттік органның мамандарынан бір мезетте кеңес алуға мүмкіндік береді.
– Қала тұрғындары саябаққа демалуға келгенде біздің мамандардан тегін кеңес ала алады. Көпшілік мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, әлеуметтік қолдау шаралары немесе заңгерлік мәселелер бойынша сұрақтар қояды. Біз әр азаматтың өтінішіне мұқият қарап, мүмкіндігінше нақты көмек көрсетуге тырысамыз. Мұнда тек Отбасын қолдау орталығы ғана емес, басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері тұрғындарға кеңес береді. Халықтың мәселесін шешуге үлес қосу – біздің басты міндетіміз, – дейді маман.
Шараға Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және полиция қызметінің өкілдері де қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу, қаржылық қауіпсіздік, дропперлік қылмыстардың салдары, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті превенция және талдамалық әзірлемелер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыслан Мыңғышев бүгінде алаяқтардың әлеуметтік осал топтарды жиі нысанаға алатынын атап өтті.
– Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, дропперлікке көбіне зейнеткерлер, студенттер және әлеуметтік осал топ өкілдері тартылып жатады. Олар оңай табысқа қызығып, алаяқтардың арбауына түседі. Сондықтан бүгінгі басты мақсатымыз – алдын алу жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға мұндай заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіру, – деді ол.
Психологиялық көмек те тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Отбасындағы түсініспеушілік, бала тәрбиесі, эмоционалдық күйзеліс пен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша азаматтарға жеке консультациялар ұйымдастырылды.
Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығының психологы Камила Фирсованың айтуынша, орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету.
– Бізге көбіне отбасындағы өзара түсініспеушілік, бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер, психологиялық қысым мәселелерімен жүгінеді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда оларды балаларымен бірге дағдарыс орталықтарына орналастырып, әрі қарай сүйемелдейміз, – деді психолог.
«Құқықтық пикникке» келген тұрғындар ұйымдастырушылардың мұндай бастамасын жоғары бағалады. Қала тұрғыны Любовь Панкратова немерелеріне өсиет рәсімдеу мәселесі бойынша кеңес алғанын айтып, мамандардың жан-жақты түсіндіру жұмыстарын ерекше атап өтті.
Ал тағы бір қала тұрғыны Алла Москвина заңгерлік көмектің халық үшін әрдайым қолжетімді болуы маңызды екенін жеткізді.
Шара барысында балалар да назардан тыс қалған жоқ. Аниматорлардың қатысуымен танымдық ойындар, шығармашылық бағдарламалар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер Астана күніне арналған асфальтқа сурет салу байқауына қатысты. Белсенділік танытқан балаларға тәтті сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, патриоттық тәрбиені нығайтуға және отбасылық демалыстың мазмұнын байытуға ықпал етеді.
Бастысы – «Құқықтық пикник» тұрғындарға заңгердің немесе психологтың қабылдауына жету үшін ұзақ уақыт күтудің қажет емес екенін көрсетті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға нақты мүмкіндік беруде.
Қарағанды қаласы әкімдігі мен Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы қолға алған бұл жоба тұрғындардың оң бағасына ие болып үлгерді. Сондықтан ұйымдастырушылар барлық қала тұрғындарын әр аптаның жұма күні сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін Орталық саябақта өтетін «Құқықтық пикникке» қатысып, өздерін толғандырған құқықтық, әлеуметтік және психологиялық мәселелер бойынша білікті мамандардан тегін кеңес алуға шақырады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

