«VOICE OF QARAGANDY – 2024» – қаламыздағы тұңғыш байқау
Тұңғыш рет Қарағанды қаласында сүйікті қаламыздың 90 жылдығына арналған І қалалық эстрадалық ән орындаушыларының «VOICE OF QARAGANDY – 2024» байқауы ұйымдастырылды. Ол Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өтті. Жерлестеріміздің басын қосқан айтулы шараға кәсіби әншіден қарапайым аспазға дейін қатысып бақ сынаған. Кіл жүйрікте кім жүйрікті сарапқа салған шараның жеңімпаздарына қаржылай сыйлық қарастырылған.
«VOICE OF QARAGANDY – 2024» І қалалық эстрадалық ән орындаушыларының байқауы Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ашық микрофон» жобасы аясында ұйымдастырылды. Байқау қаламыздың талантты және креативті жастарына арналған. Айта кетейік, еліміздің басқа бірде-бір қаласында бұл байқау өткізілмейді, байқаудың басты ерекшелігі де осында.
10 және 11 сәуір күндері жас таланттар қарағандылықтарды вокалдық, көркемдік шеберлігімен қуантты. Жырдан шашу шашқан кешке 60 адамнан өтінім түсіп, үздік 16 үміткер таңдалып алынған. Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына негізделген конкурстың құрылтайшысы – Қарағанды қаласының әкімдігі, шараның ұйымдастырушылары – «Қарағанды қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ, «Теміржолшылардың мәдениет сарайы» КМҚК, «AWA Entertainment» продюсерлік орталығы. Сондай-ақ «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің Қарағанды қаласындағы ресми өкілі Думан Баймағамбетов көптеген күтпеген және жағымды тосынсый дайындады.
– Бас жүлдеге – жастардың шығармашылығын дамыту үшін тамаша мотивация ретінде 500 000 теңге, сондай-ақ көптеген ақшалай сыйлық. Бұл біздің байқаудың танымалдығына ықпал етеді және қаланың шығармашылық жастарының бәсекелестігін арттырады. Бұл байқауға тек қана Қарағанды өңірінен шыққан дарынды жастар қатысады. Жас ерекшеліктеріне келетін болсақ, 16-дан бастап 30-жас аралығы, – дейді Думан Баймағамбетов.
Байқауға қатысушылар конкурстық әндерін «TOP BAND» вокалдық-аспаптық тобының сүйемелдеуімен орындады. Алғашқы рет жүзеге асып отырған байқаудың лауреаттары мен жеңімпаздары қала атынан беделді республикалық және халықаралық конкурстар мен фестивальдарға жолдама алады. Бұл конкурс әрбір қатысушыға республикалық және халықаралық деңгейге жол ашып отыр.
Екі күнге ұласқан байқаудың соңы лауреаттар қатысқан гала-концертпен аяқталды. Табиғи дауыспен ән шырқап ел көңілінен шыққан кеште бірінші жүлделі орын мен 500 000 теңге көлеміндегі сыйақыға «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Назрин Мұса лайық деп танылды. Екінші орын мен 300 000 теңгелік сыйақыны Топар кентіндегі Өнер мектебінің оқушысы Радмила Рашева жеңіп алды. Үшінші орын мен 100 000 теңгені «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Балнұр Қанатова мен қарағандылық аспаз Андрей Сергеев өзара бөлісті. Қарағанды қаласы әкімінің арнайы сыйлығын (200 000 теңге) «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жанасыл Елубаев иеленді.
Шараға қатысқан әр үміткер қалалық және облыстық іс-шараларға шақырту алса, қалалық эстрадалық ән орындаушыларының жеңімпаздары республикалық, сондай-ақ халықаралық байқауларға ұсынылатынын айтты шараның ұйымдастырушылары. Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің «Жас қанат» жобасына биыл 30 жыл. Осыған орай бұл шараның қос жеңімпазы 6 маусым күні «Жас қанат» республикалық конкурсында бақ сынайтын болады.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»