Вирустан өзіңді қорға

2019 жылдың желтоқсан айында пайда болып, бүгінде дүниежүзін дүрліктіріп тұрған бүкіләлемдік пандемия білім беру саласына да айтарлықтай әсер етті. Білім беру мекемелері қысқа мерзімде қашықтан оқыту жүйесіне көшуге мәжбүр болды. Білім және ғылым министрлігінің ішінде жедел штаб пен жобалық кеңсе құрылып, онда әлемнің озық елдеріндегі пандемия жағдайында қашықтан оқыту мен вирустан сақтанудың сан түрлі тәжірибесі зерделенді. Осының негізінде жасалған ережелер мен тәртіптер Қазақстанның барлық білім беру ұйымында құрылған жедел байланыс орталықтарына таратылды. Осындай бір орталықтан басқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде білім алушылар вирус таралуының әр түрлі деңгейіне байланысты бірнеше нұсқада алмасып білім ала отырып, қажетті деңгейде оқуларын үзбей жалғастыра алды.

Қашықтан білім беру жүйесінің сапасын арттыру үшін оқытушыларға курстар өткізіліп, қашықтан оқытуға арналған бірнеше білім беру платформасы іске қосылды. Осындай жан-жақты тиімді ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде білім беру саласы пандемия тудырған күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын ұсынып, іске асыра білді.

Еліміздің барлық оқу орны тәрізді біздің Қарағанды техникалық университеті де осы жағдайларды бастан өткерді. Университет басшылығы оқу үдерісі барысында білім беру сапасының төмендеп кетпеуін қатаң бақылауға алды. Сонымен бірге мемлекеттің бас санитарлық дәрігері белгілеген ковид вирусынан сақтанудың барлық талабын орындады. Тәрбие сағаттарында коронавирустың қаупі және одан сақтанудың барлық талабын студенттерге үнемі насихаттап, сақтық шараларының сақталуын үздіксіз бақылауға алды. Бұл жұмысқа барлық оқытушылар құрамы мен оқу орнының күзет қызметі өте үлкен үлес қосты.

Коронавирус туралы ақпараттарды тағы да бір електен өткізіп, оның залалы мен одан қорғану жолдарын студенттерге толықтырып жеткізу мақсатында Қарағанды техникалық университетінде өнеркәсіптік көлік кафедрасының студенттерімен «COVID-19- дан өзіңді қорға» атты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында студенттерге коронавирус инфекциясының таралуы, бастапқы белгілері, ауруды жұқтырған жағдайда қандай шара қолдану керектігі және вирустың басқа да өзгерген түрлерінен қорғану туралы ақпараттар берілді. Іс-шара соңында студенттер коронавирусқа қатысты маңызды сұрақтарға сауатты жауап беріп, өз денсаулықтары мен қоғам мүшелерінің қауіпсіздігі алдындағы жауапкершіліктерін таныта білді. Іс-шараға қатысқан қонақтар соңында ізгі тілектері мен лебіздерін білдірді.

Қанат Фариза Еркебұланқызы,

Қарағанды техникалық университеті өнеркәсіптік көлік кафедрасының оқытушысы