Виртуалды құрық: сенгіштік пен сақтық таразысы
Күніне мыңдаған алаяқтық қоңырау, ондаған алданған тұрғын және ұрланған миллиондар. Бүгінде цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі қоғамның ең ауыр дертіне айналып отыр. Қаскөйлер өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкеріміз деп таныстыруды әдетке айналдырған заманда алаяқтардың құрығына түспей, қаржыны қалай аман сақтап қалуға болады? Неліктен біздің ең басты жауымыз сырттағы қылмыскер емес, өзіміздің тым сенгіштігіміз?
Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде өткен брифинг барысында Қарағанды қаласының Полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин өңірдегі киберқылмыстың ахуалы мен оған қарсы іс-қимыл шараларын кеңінен баяндап берді.
Басқарма басшысы өз сөзінде интернет-алаяқтықтың негізгі қауіптері жалған қоңыраулар, мессенджерлердегі күмәнді хабарламалар мен сілтемелер екенін алға тартты. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары мен байланыс операторларының бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде күн сайын алаяқтардың 3 мыңға жуық қоңырауы бұғатталады. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам заңсыз сайт көзі жойылғанымен, алаяқтық деректері әлі өсіп жатыр. Себебі, қаскөйлер тұрғындардың сеніміне кіріп, қорқытып-үркіту немесе асықтыру арқылы мақсаттарына жетуді көздейді.
Брифингте мәлім болғандай, жыл басынан бері облыс орталығында 434 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Жедел-іздестіру шаралары мен заң талаптарының қатаң орындалуының арқасында зардап шеккендерге қазірдің өзінде 30 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Алайда полицияға шағымданбағандардың қарасы әлі де көп. Шахназар Салин мұндай қылмыстарды тергеп-тексеудің өте күрделі екенін және оның зардабы ауыр екенін атап өтті:
«Қаскөйлер азаматтарды психологиялық қысым арқылы тығырыққа тіреп, шұғыл шешім қабылдауға мәжбүрлейді. Олардың қолданатын заманауи технологиялары мен шетелдік серверлері қылмыстың ізін кесуді қиындатады. Сондықтан мұндай айла-шарғылар қоғамдық қауіпсіздікке ғана емес, әр азаматтың әлеуметтік-қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіретіндіктен, аса қауіпті деп саналады.
Әрбір тұрғын есте сақтауы қажет басты белгілердің бірі бар. Егер сізге белгісіз біреу телефон шалып, өзін банк қауіпсіздік қызметі немесе құқық қорғау органынанмын деп таныстырып, шоттарыңызды бұғаттаумен немесе қылмыстық іспен қорқытса – бұл алаяқтықтың нақ өзі. Заңды түрде жұмыс істейтін ешбір мемлекеттік мекеме немесе қаржы ұйымы телефон арқылы ақша аударуды немесе құпия кодтарды сұрамайды. Банктер мен ресми ұйымдардың ешқашан SMS арқылы келген кодты немесе жеке кабинеттің құпия сөзін талап етпейтіні – ең басты ереже».
Аңғалдық пен тым сенгіштік алаяқтардың басты көмекшісіне айналып отырғандықтан, тәртіп сақшылары қандай да бір күдікті әрекетке бармас бұрын, алдымен тоқтап, ойлануды кеңес етеді. Тұтқаны қойып, ресми көрсетілген нөмірге өзіңіз қайта хабарласып, ақпаратты тексерген жөн. Шұғыл шешім қабылдаудан бас тартқан бір минуттық күмән жылдар бойы жинаған қаржыңызды сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан цифрлық кеңістікте де, шынайы өмірде де заң мен тәртіп қағидаты бәріне ортақ екенін ұмытпаған абзал.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

