Велоспорттарғы серпіліс
Қазақстандық велоспортта жас спортшылар үшін жаңа кезең басталды. Еліміздің әр өңірінен шыққан бірқатар перспективалы велошабандоз континенталдық XDS Astana Development Team командасымен келісімшартқа отырды. Бұл қатарда Қарағанды облысының тумасы Владислав Башлыков та бар. Аталған келісімшарт спортшыларға халықаралық деңгейде өнер көрсетуге және кәсіби мансабын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.
Қазақстан велосипед спорты федерациясының мәліметінше, XDS Astana Development Team – жас велошабандоздарды дайындауға бағытталған маңызды платформа. Команда жүйесі арқылы спортшылар әлемдік жарыстарға қатысып, жоғары деңгейдегі бәсекеде шыңдалады. Федерация өкілдері бұл келісімшарттарды қазақстандық велоспорттың дамуына жасалған маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
– XDS Astana Development Team командасымен келісімшартқа отыру спортшылардың мансабындағы маңызды қадам. Жаңа маусымда велошабандоздар халықаралық жарыстарға қатысып, құнды бәсекелік тәжірибе жинақтап, XDS Astana Team жүйесінде кәсіби дамуын жалғастырады, – деп атап өтті Федерация өкілдері.
Қазіргі уақытта Владислав Башлыков алдағы маңызды сын – Азия чемпионатына дайындық үстінде. Ол Испанияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына қатысып, физикалық және тактикалық дайындығын шыңдауда. Халықаралық жаттығу базаларында тәжірибе жинау жас спортшының кәсіби деңгейін арттыруға зор ықпал етеді. Ал континенталдық командамен келісімшартқа қол қою – оның ұзақ жылғы еңбегі мен табандылығының нәтижесі.
Жалпы, велоспорт – жоғары төзімділікті, тактикалық ойлауды және үздіксіз дайындықты талап ететін спорт түрі. Соңғы жылдары Қазақстанда бұл сала жүйелі түрде дамып келеді. XDS Astana Team және оның даму командасы отандық спортшыларды әлемдік аренаға шығаруда маңызды рөл атқарып отыр. Мұндай жобалар жас шабандоздардың халықаралық тәжірибе жинақтауына және болашақта әлемдік турнирлерде ел намысын қорғауына жол ашады.
XDS Astana Development Team командасының хабарлауынша, 2026 жылғы маусымдағы алғашқы жарыс ақпан айында өтетін «Тур Прованс» көпкүндігі. Бұл дода жас қазақстандық велошабандоздар үшін маусымдағы алғашқы үлкен сынақтардың бірі болмақ.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

