ҚУРАҒАН АҒАШТАР ТҰРҒЫНДАРДЫ АЛАҢДАТУДА
Өткен жылы Сарыарқа көшесіне егілген терек көшеттері кеуіп қурай бастаған. Негізгі себеп – қуаңшылық, судың жетпеуі, — дейді экоактивистер. Емдеу шаралары жүргізіле ме?
Қарағандылық Сәкен Келдібаев жас ағаштарды шыбық кезінен бақылап келеді. Сонымен қатар, эко-белсенді өткен жылы көшеттерді өзі таңдаған. Қараша айының басында Сарыарқа көшесінің бойында 500-ден астам ағаш егілді. Олардың 492-сі гүлдеді. Ол мұның жақсы нәтиже екенін айтады. Алайда жаздың аптап ыстығының салдарынан 6 көшет қурап қалған. Егер күтім жасамаса бұл көрсеткіш өсуі мүмкін деп алаңдайды қоғам белсендісі.
— Әрбір отырғызатын көшеттердің стандарттары бар. Содан кейін олар біздің өңірге бейімделген болуы керек. Олар ондай болмай шықты. Сосын мен көшеттерді қайтарып жібердім. Қараша айының 3-4 аралығында 502 терек әкеліп, отырғыздық. Өзім бірге жүріп, көрсеттім. Осылайша теректерді отырғызған едік, — дейді Сәкен Келдібаев.
Мұндай көшеттер 2022 жылы да егілген болатын. Алайда, күтім жасалмағаннан кейін қурап қалған. Қоғам белсендісі егер мәселені қазір шешпесе, бұл көшеттерден де айырылып қаламыз деп дабыл қағуда.
-Су құйылмаған. Он бес сантиметрге дейін қазып көрдім. Жер қатып жатыр. Жаңбыр жаусада, су құйсада ылғалды бірінші шөп тартып алады. Салдарынан тал мен көшеттерге ылғал жетпей қалады. Сол себепті, шөптерді жұлып, көшеттерді күтіп баптап отыру қажет, -деп ескертті ол.
Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі ағаштардың қурауы ыстық күннің кесірі дейді. Төменнен жаңа өскіндер пайда болатынын алға тартуда. Сол себепті мұнда дабыл қағатын ештеңе жоқ екенін айтады.
-Суару тұрақты негізде жүргізіледі. Бір күнде осы 500 ағаштың бәрін суаруға уақыт тапшы. Айталық, 30% дүйсенбіде, жартысы сейсенбіде, қалғаны сәрсенбіде суарылады. Кеше біз оларды кесу жұмыстарына кірістік. Жақында жаңбыр жауды. Сондықтан бәрі тез өсті. Енді біз барлық су тамырға енуі үшін қосымша қопсытамыз, — деп түсіндірді Қазыбек би атындағы аудандық әкім аппараты абаттандыру бөлімінің басшысы Нариман Иткарин.
ЖАНБОТА БЕЙСЕМБАЙ, «QH»