УНИВЕРСИТЕТТІҢ БЕДЕЛІ МЕН ИМИДЖІ – АЙҚЫНДАУШЫ ФАКТОР

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуда. Оқу ордасының ректоры Нұрлан Орынбасарұлы ДУЛАТБЕКОВ қара шаңырақтың бүгіні мен болашағы жайында сөз қозғады.

— Өткен жылы пандемияға байланысты барлығы онлайн форматта өткені белгілі. Түлектерді қабылдау науқаны биыл қалай өтті? Мемлекеттік грантқа ие болғандардың саны қанша?

— Қабылдау науқанын жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын ескере отырып, университет Ұлттық бірыңғай тестілеуге дейін кәсіби бағдарлау жұмысын бастады. Білім ордасының қызметкерлері мен оқытушылары 2020-2021 оқу жылында болашақ талапкерлермен онлайн-кездесулер өткізді, облыстық білім басқармалары, жастар орталықтары мен қоғамдық қорлар ұйымдастырған форумдарға қатысты. Болашақ талапкерлерді түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобалар мен конкурстарға қатысуға шақырды.

Құжаттарды қабылдау үшін оқуға түсушілерге мамандық пен оқу орнын таңдауға көмектесуге бағытталған техникалық хатшылар штаты құрылды. Әрбір талапкер арнайы жүйе арқылы оқуға түсу туралы ақпарат, шығармашылық және арнайы емтихандар кестесі және басқа да маңызды мағлұматтармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Карантиндік шектеу шараларына байланысты, талапкерлердің жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін виртуалды қабылдау комиссиясының, сондайақ call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды.

«Серпін-2050. Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында мобильді қабылдау комиссиясы жұмысын істеді. Осы мақсатта Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін университет оқытушыларынан құралған мобильді топтар жіберілді.

Университет талапкерлері мен қонақтарын қарсы алу үшін арнайы математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ғылыми-зерттеу зертханасында кәсіби бағдар беретін «Ғалымбек» атты робот құрастырылған. Ол синтездеу жүйесі арқылы адамдармен қарым-қатынас жасайды. Дисплей экранында үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат береді. Сондай-ақ, талапкерлерге университетке түсу ережелері мен білім беру бағдарламалары туралы толық ақпарат бере алады.

Өткен жылғы грант иегерлерінің саны – 1286 адам. Ал, осы жылғы қорытынды нәтижелер талапкерлерден құжаттарды толық қабылдау аяқталғаннан кейін, қыркүйек айының басында шығарылады. Сонымен бірге, ақылы білім алатын студенттерге экономикалық қиын жағдай мен пандемияға байланысты биыл алғаш рет оқу ақысын төрт кезеңге бөліп төлеу жүйесін енгіземіз.

— 2018 жылы жоғары оқу орындарына академиялық және басқарушылық еркіндік беретін заң қабылданды. Жоғары білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуға және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға аталмыш заң қалай әсер етуде?

— Қабылданған Заң жоғары оқу орындарына өздерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен оқыту нәтижелерін тұжырымдауда үлкен мүмкіндік берді. Осылайша, жыл сайын заманауи талаптарды ескере отырып, инновациялық білім беру бағдарламалары енгізіледі. Биылғы жылы жұмыс берушілердің сұранысы мен қоғамда болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, университеттің профессорлықоқытушылық құрамы «Қазақ және ағылшын тілдері», «Шетелдік білім алушыларға арналған Орыс тілі», «Тарих және Исламтану (араб тілін білетіндер үшін)», «Маркетинг және SMM», «Робототехника және мехатроника» сынды жаңа оқу бағдарламаларын ұсынды.

Қазіргі уақытта білім беру қызметтері саласында алатын білім беру сапасының бәсекелестігі артып келеді. Бүгінгі таңда студенттер үшін жоғары оқу орнын таңдау кезінде білім беру қызметтерінің сапасына басымдық танытылады. Қазір – студенттер университетті бітіргеннен кейін алған білімдері мен дағдыларын, өз кәсібилігін дәлелдеуді қажет ететін уақыт. Осының барлығы жоғары оқу орындарына білім беру сапасын жақсарту, материалдықтехникалық базаны күшейту, ғылыми байланыстарды кеңейту, аккредиттеуден өтуде ерекше жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, жұмысқа қабылдау кезінде түлек бітірген университеттің беделі мен имиджі айқындаушы фактор болады. Диплом университеттің жетістігі мен танылуының көрінісі болады.

Осы жылы Қарағанды университеті алғаш рет «Білім туралы» заңның барлық талаптарына сәйкес келетін өзіндік үлгідегі диплом әзірледі. Өткен оқу жылында түлектерге берілген дипломдарда жоғары оқу орны, білім беру бағдарламасының атауы, түлек туралы мәліметтер, оқу нысаны, берілген дипломға жеке жауап беретін ректордың қолы көрсетілген. Сонымен қатар, әрбір дипломда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жасаған бірегей сәйкестендіру нөмірі көрсетілген. Мұндай нөмірдің әрбіреуі ұлттық білім беру деректер базасында сақталады және белгілі бір студентке бекітіледі. Бұл берілген дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Диплом нөмірлерінің сәйкес келуі және оларды өзгертуге жол берілмейді. Диплом дизайнын жасауға университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушылары қатысты. Әрбір ұсыныс қаралып, ескерілді. Ұсынылған үлгілердің қорытындысы бойынша, университет сайтында онлайн-дауыс беру өткізіліп, демократиялық жолмен университеттің жаңа логотипі таңдалды.

Оған қоса, академиялық дербестіктің кеңеюі берілетін диплом үшін университеттің жауапкершілігін арттыратынын түсінеміз. Егер университеттің өзі білім беру бағдарламасын әзірлесе, онда ол маман даярлау сапасына және осындай сапаны растайтын құжатқа жауап беруі керек.

Қазір біздің университет өз дамуында жаңа кезеңді бастан өткеруде. ҚР Үкіметінің шешімімен біз академиялық және қаржылық дербестік құқығымен коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесін алдық.

— Университет ректоры болып тағайндалғаныңызға бір жыл толыпты. Осы уақытта атқарылған жұмыстарға қандай баға бересіз?

— Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарихы белгілі. Отандық білім мен ғылым шежіресінде алар орны ерекше. Университет сонау 1938 жылы Қарағанды қаласында мұғалімдер институты ретінде ашылып, 1952 жылы педагогикалық институт болып қайта құрылды. 1972 жылы аталмыш институт негізінде Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды.

Аймақтың инновациялық даму мүддесі үшін сапалы білім беруге бағытталған жоғары оқу орны тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар біздің елден тыс жерлерде де сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды жүзеге асырады. Бай тарихы мен ертеден келе жатқан дәстүрлері бар университетімізде оқытудың заманауи нысандары мен әдістерін үнемі іздестіру жүзеге асырылуда, жаңа білім беру технологиялары белсенді енгізілуде.

Осы жылдар ішінде білім ордасының оқытушылар ұжымы кәсібилігімен және жалпыадамзаттық мәдениеттің жоғары деңгейімен ерекшеленді. Ұжым қоржынында бағындырған биіктер, жарқын жеңістер мен лайықты марапаттар жетерлік.

Қарағанды университеті қарқынды дамып келе жатқан университет. Бакалавриаттың – 92, магистратураның – 73, PhD докторантураның – 16 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Қазіргі уақытта 12 факультетте 14 мыңға жуық студент, магистранттар мен докторанттар білім алуда. Жоғары оқу орнынан кейінгі даярлықты бакалавриаттан кейін түлектер білімін магистратура мен PhD докторантурада жалғастыра алады. Жыл сайын университет қызметкерлері ғылым докторы және кандидаты дәрежесін алу үшін 30-дан астам жоба әзірлейді.

Оқу ордасы жоғары білім беру саласындағы беделді халықаралық ұйымдардың бірі – Университеттердің Ұлы Хартиясының мүшесі болып табылады. Оның штабпәтері Италияның Болонья қаласында, Еуропаның ең көне университетінде орналасқан. Осы жылы университет экономикалық бағдарламаларды аккредиттеу туралы CAMEQ халықаралық сапа дипломын және Қарағанды университеті сапа менеджменті жүйесін тану туралы SGS (Швейцария) компаниясының сертификатын алды.

Университет қабырғасында Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстаннан келген 300-ден астам шетелдік студенттер білім алуда.

Қарағанды университеті, бұл – 11 оқу ғимараты, 1,7 млн кітап қоры бар ғылыми кітапхана, 16 оқу залы, электрондық ресурстар залы және екі медиатекасы, 6 жайлы жатақхана, санаторий-профилакторий, студенттік тұрмыстық кешен, 19 кәсіпорны бар қоғамдық тамақтану комбинаты, «Шаңырақ» жастар орталығы, кондитерлік цех, Топар, Қарқаралы және Балқаштағы демалыс аймақтары, 3 стадион, жеңіл атлетика манежі, 11 спорт залы, мультимедиялық ағынды аудиториялар, баспа үйі, оқу телевидениесі, әскери кафедра.

2021 жылғы 9 маусымда «QS World University Rankings 2021/2022» университеттерінің әлемдік рейтингі жарияланды. Оған Қазақстанның 14 жоғары оқу орны кірді. Біздің университет алдағы 801 орынның қатарында. «QS World University Rankings»! әлемдегі ең беделді рейтинг.

Мен үшін осындай жоғары оқу орнын басқару — үлкен құрмет және, әрине, үлкен жауапкершілік.

— Сұхбатыңызға рақмет!

 Ақзия ОРАЗАЛИЕВА.