Университетте ғылыми білім беру орталығы ашылды

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің биология-география факультетінің базасында «BioHumus» ғылыми білім беру орталығы жұмыс істей бастады. Оның ашылуына Қарағанды қаласы әкімінің гранты септігін тигізді.

Орталықтың алдында бірнеше міндет тұр. Бұл – экологиялық таза өнімдер (вермикомпост, вермичай, микрожасылдар) алу технологияларын жетілдіру. Сондай-ақ жасыл тыңайтқыштар мен байытылған өнімдер өндірісі.

Орталықта жас ғалымдарға, жас кәсіпкерлерге және басқа да стейкхолдерлерге арналған оқыту курстары мен семинарлар өтеді. Оқытушылар тәжірибе алмасады.

Орталықты ашуға бөлінген қаражатқа микрожасылдар өсіруге арналған гидропоникалық қондырғы, компостерлер, бақша ұсақтағыштары және қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Орталықты жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD докторы Арайлым Серікбай басқарады. Ғылыми биологияда ол 12 жыл бойы Чехияда халықаралық тағылымдамадан өтті.

– Орталықты ашу менің көптен бергі арманым болды. Бірте-бірте мен мақсатыма жеттім. Ғылым түрлі сәтті бастан өткерді, бірақ мен бұл орталық адамдар арасында қолдау табады деп сенемін. Оның басты мақсаты – өскелең ұрпақты ғылыммен айналысуға, нутрициологияның негіздерін білуге ынталандыру және қазірдің өзінде барлық салада өз өмірінің тұрақтылығы туралы ойлау. Оқушылар мен студенттерді кәсіпкерлік қызметпен айналысуға шақырамын, – дейді Арайлым Серікбай.

Орталықтың күнделікті жұмысымен және оның жобаларымен Instagram әлеуметтік желісінде танысуға болады: @biohumus_kz.

Өз тілшімізден