Әуежайдағы оқу-жаттығу
Қарағандыдағы «Сарыарқа» халықаралық әуежайы аумағында терроризмге қарсы қауіпсіздік шаралары пысықталды. Мұнда облыстық Антитеррористік орталық штабының үйлестіруімен «Дабыл-Антитеррор-2025» атты арнайы оқу-жаттығу өтті. Жедел әрекет етуге бағытталған жаттығу барысында әуежай қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының күштері ықтимал қауіптің алдын алу, шұғыл әрекет ету және зардапты азайту бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тәжірибе жүзінде көрсетті. Мұндай шаралар қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмін нақтылауға бағытталған.
Қауіпсіздік – тұрақтылықтың негізі. Террористік қауіптің алдын алу және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету мақсатында арнайы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Шара барысында мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және арнайы қызмет өкілдерінің өзара іс-қимылы пысықталды. Жаттығу әуежай аумағында өтті, бұл ретте автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, қауіпсіздік деңгейі жоғары бақылауға алынды. Оқу-жаттығу барысында әуежай ішіндегі қауіпсіздік жүйесі толықтай тексеріліп, жолаушылар мен қызметкерлерді эвакуациялау тәртібі нақты жағдайда іске асырылды. Арнайы бөлімшелер қойылған міндеттерін сәтті орындап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға және кез келген төтенше жағдай кезінде үйлесімді әрекет етуге септігін тигізеді.
— Өткізілген іс-шараның негізгі мақсаты лаңкестік іс — әрекеттердің алдын алу. Террористтердің, лаңкестердің азаматтарды кепілге алу барысында оны құтқару. Біздің облысымызда терроризмге қарсы күрес жедел штабымен белгілі бір уақыттарда жыл сайын өткізіліп тұрады. Бүгінгі іс-шараның қорытындысы бойынша Қарағанды облысы терроризмге қарсы күрес жедел штабының төрағасымен оң бағасы берілді, -деді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.
Мұндай жаттығулар мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын шыңдап, халықтың төтенше жағдайларға дайын болуын қамтамасыз етуге ықпал етеді деп күтілуде.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»