Құтырудан құтылу жолы бар
28 қыркүйек – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша, құтыру індетіне қарсы күрес күні. Бұл күн 1895 жылы әйгілі микробиолог, құтыруға қарсы вакцина жасаушы Луи Пастердің қайтыс болуына байланысты таңдалды. Әлемдік статистика бойынша, құтыру дерті жұқпалы аурулардың алғашқы бестігіне кіреді. Даталы күнге орай Қарағанды облысындағы құтыру ауруының эпидемиологиялық ахуалы турасында Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлмира Муксиновамен сұхбаттасқан едік.
– Облыс көлеміндегі құтыру ауруының эпидемиологиялық жағдайы қалай? Аурудың тіркелуі бар ма?
– Биылғы жылы жануарлар арасында құтырудың 3 зертханалық расталған жағдайы тіркелді: Қарқаралы ауданында және Нұра ауданының екі ауылында 2 ІҚМ және түлкіде анықталды. Нұра ауданында түлкі «Шұбаркөл көмір» мекемесінің 3 қызметкерін жарақаттаған, ұсталған түлкіден құтыру қоздырғышы анықталды. Зардап шеккен тұлғалар құтыруға қарсы екпелерін алды. Ал тұрғындардың арасында соңғы жеті жылда Қарағанды бойынша құтыру ауруы тіркелген жоқ. 2007 жылы 1 оқиға Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында, 2009 жылы 2 оқиға Сәтбаев қаласында, Ұлытау ауданында тіркелсе, 2015 жылы Сәтбаев қаласының түлкі тістеген тұрғыны ауырды. Өкінішке орай, тіркелген оқиғалар өліммен аяқталды.
Жалпы, Қазақстанда құтырудың 15 табиғи ошағы бар. Біздің облысымызда Ұлытау, Нұра, Осакаров, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандары мен Қаражал қаласында, оның Шалғия ауылында табиғи ошақтары бар.
– Құтыру ауруына түсінік беріп өтсеңіз, несімен қауіпті?
– Құтыру ауруы – вирус арқылы таралатын аса қауіпті, табиғи-ошақтық, зоонозды жұқпалы ауру. Бұл ауру адам баласына өте ерте заманнан таныс, әлі күнге дейін ауру тудыратын қоздырғышқа тікелей әсер ететін ем жоқ. Сондықтан адамда құтыру ауруының клиникасы пайда болса, соңы өліммен аяқталады. Айта кетерлік жайт – бұл ауру үй және жабайы жануарлардан жарақат алғаннан кейін адамдар дәрігерлік көмекке уақытылы жүгінбегендіктен, тістелгені жайлы ешкімге айтпағандықтан болады.
– Құтыру ауруы қалай жұғады, қандай көріністер (симптомдар) болуы мүмкін?
– Құтыру ауруы әдетте үй жануарларынан (ит, мысық) жұғады. Аурудың қоздырғышы адамдарға ауырған жануарлардың сілекейі арқылы жұғады. Ауру таратушы – негізінен, табиғи ошақтағы жабайы аңдар: қасқыр, түлкі, қарсақ, шибөрі және т.б. Олар ірі қара, жылқы, қой, ешкілерге, ит пен мысықтарға ауру жұқтырады.
Құтыру ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында кездеседі. Құтырумен ауырған адамдар су көрсе, судың сылдырын, тіпті «су» деген сөзді естісе де, қорқыныш, үрей пайда болып, соңынан жұтыну қабілетінен айырылып, қатты қиналып өледі. Сондықтан бұл ауруды «гидрофобия» немесе «судан қорқу» деп те атайды.
Құтырумен ауырған аңдар мен жануарлардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы әдеттегіден өзгеріп, оларда оғаш қылықтар пайда болады. Мысалы, ит себепсіз үре бастайды немесе еңсесі түсіп, үретін жерде үрмей, адамдарға, малдарға, заттарға себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды (ағаш, тас, сабын) тістеп шайнайды. Үрген даусы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит байлаудан босап кететін болса, ол ешқайда бұрылмастан тіп-тіке жүріп отырып жолда кездескен аңдар мен адамдарды әдеттегідей айбат көрсетіп ырылдамастан бірден бас сала тістейді. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейінгі 5 немесе 6-күні өледі.
– Жануарлар тістеуінен жарақат алған адамдар не істеу керек?
– Құтырудың алдын алу мақсатында жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейлеуінен зардап шеккен тұлғалар тез арада медициналық көмекке жүгініп, антирабиялық көмекті толығымен алып, тағайындалған екпелерді міндетті түрде салдыруы қажет. Екпенің тиімділігі медициналық көмекке жүгіну мерзіміне байланысты. Сондықтан екпеден бас тартпаған абзал. Тек антирабиялық екпенің толық курсы және дәрігердің ұсынысы өлімге әкелетін қауіпті аурудың алдын алады. Қазіргі кезде көрсетілетін антирабиялық көмектің (арнайы иммуноглобулин мен вакцина) бұл аурудың алдын алу үшін тигізетін пайдасы мол. Құтырумен әдетте антирабиялық көмек алмағандар немесе оны толық көлемде алмағандар ғана ауырады.
– Антирабиялық вакцина кімдерге қашан жасалады?
– Вакцина ғылыми-зерттеу ұйымдарының, зертханалардың қызметкерлеріне, оның ішінде сынама алынатын орындар, виварийлер, құтыру қоздырғышының болуына зерттеу жүргізетін және жануарлармен жұмыс істейтін ұйымдар мен мекемелердің персоналына, қараусыз қалған жануарларды аулау және ұстау жұмысын орындайтын адамдарға, аңшылық және орман шаруашылығы органдарының қызметкерлеріне, қорықшыларға, мал сою орындарының (алаңдарының) жұмыскерлеріне, таксидермистерге, кинологтерге және құтырумен ауыратын жануарлармен ықтимал қарым-қатынас тәуекелі бар адамдарға салынады. Антирабиялық көмекті денсаулық сақтау ұйымдарының травматологиялық пункттерінің, хирургиялық кабинеттерінің травматологтері, хирургтері жүзеге асырады. Құтыруға қарсы арнайы антирабиялық вакцина мен антирабиялық иммуноглобулин қолданылады. Егер адамдарға жануарлар жарақат салса, терісі сілекейленсе, тістелсе, травмпункттерде, хирургиялық кабинеттерде құтыруға қарсы екпелер тағайындалып жасалады.
– Құтыру ауруымен ауырмас үшін адам не істеу керек?
– Әрбір аң немесе ауырған жабайы аңдардан жарақат алған адамдар немесе жануарлардың сілекейі денесіне тиген адам тез арада медициналық көмекке жүгінуі керек:
1) ауруды болдырмауға бағытталған егу жұмыстарын өз бетімен тоқтатуға немесе медицина қызметкерлері белгілеген тәртіпті бұзуға (ішімдік ішу, ащы тағам жеу) болмайды, мұндай жағдай орын алса, жүргізілген емдік шаралардың пайдасы шамалы болады;
2) егер түріне қарағанда дені сау сияқты жануар немесе аң адамды тістеп алса, жарақат орнын сабынды жылы судың көп мөлшерімен мұқият жуып, соңынан дәрігерге көріну керек;
3) егер сілекей адамның көзіне түскендей болса, онда көзді жылы судың ағынымен мұқият жуу керек;
4) құтыруды болдырмауға арналған егу жұмыстары неғұрлым ерте жүргізілсе, мұндай шаралардың нәтижесі соғұрлым жақсы болады;
5) үйдегі иттер мен мысықтар есепке алынып, олар жыл сайын құтыруға қарсы егілуі керек;
6) егер үй жануарлары ауырып, кез келген клиникалық көріністер байқалса, тез арада ветеринар мамандарға көрсетіп, тексерту қажет;
7) үй жануарларын ұстау ережелерін қатаң сақтау құтыруға қарсы екпе жасату, иесіз ит пен мысықтың көзін жою жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізумен байланысты.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ