Құтырмадан қауіп көп

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 2022 жылғы 28 қыркүйекте құтыруға қарсы дүниежүзілік күрес күнінің өткізілетіні туралы хабарлайды.

Осыған байланысты аудан көлемінде тұрғындар арасында құтырма ауруының алдын алу мақсатында санитариялық ағарту жұмыстары жүргізілуде. Халық осы аурудың алдын алу шараларын білуі тиіс.

Құтыру ауыр жұқпалы ауру, нерв жүйелерін зақымдаумен басталып, өлімге әкеледі. Құтырудың қоздырғышы ұсақ микроб-вирустар. Адам үшін құтырудың негізгі көзі – ит, мысық және түлкі, қасқыр сынды жабайы аңдар. Ит тістеген адам физикалық және моральдық жағынан зақымданумен қоймай, сонымен қатар құтырма жұқтыру қаупі бар.

Құтыру ауруы жануардың тістеуі, жарақаттауы және жараны сілекейлеуі арқылы жұғады. Сілекей арқылы аурудың қоздырғышы зақымданған тері арқылы нерв жүйелеріне таралып, миға дейін жетеді. Вирус нерв клеткаларында көбейіп, қайтымсыз өзгеріс тудырады.

Құтыруды болдырмау үшін тістеген уақытта жараны сабынды сумен жуып, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Аурудың дамуын болдырмаудың негізгі жолы – алдын алу екпелерін жасау.

Алдын алу екпесін тістеген мезетте алу қажет. Алдын алу екпесін мамандандырылған дәрігер тағайындайды. Толық егу курсын алған кезде дұрыс нәтиже болады (3 айда 6 екпе алу қажет). Қандай жағдай болмасын тағайындалған екпеден бас тартпау және өз еркімен егу курсын тоқтатпау қажет. Ветеринар мамандардың жануарларды 10 күн бақылағаннан кейін беретін анықтамасы – құтырудың алдын алудағы басты шара. Қадағалау қорытындысы теріс нәтижелі болған жағдайда, зақымдалған адамға тағайындалған екпе 2 есе қысқартылады (6 екпенің орнына 3 екпе тағайындалады).

Беркімбаева Жанар Жаркенқызы,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы