Туризм саласын жаңғырту – стратегиялық міндет

Қазақстан Президенті туризм саласын ілгерілетуді ел дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Бұл ретте туристік тұжырымдаманы жетілдіру, білікті мамандар даярлау мәселесін шешу, Шучинск-Бурабай секілді бірегей туристік аймақтардың әлеуетін арттыру және салалық инфрақұрылымды жақсарту негізгі міндеттер қатарында тұр.

Мемлекет басшысы ең алдымен туризмнің әлемдік экономикаға серпін беретін, инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті. Еліміздің географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы, алуан түрлі табиғаты мен бай, бірегей тарихи-мәдени мұрасы бар бола тұра, туризм саласындағы әлеует толық пайдаланылмай отырғаны сынға алынды. Ұлттық парктер мен орман қорына тиесілі жерлерді бөлу заң тұрғысынан қиындық тудыратыны, бұл мәселе бизнес өкілдерінің шағымына себеп болып отырғаны айтылды. Нәтижесінде ұзақ мерзімді инвестиция салу, қарызға қаржы тарту және туризм инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктері шектеліп отыр. Бұл контексте Мемлекет басшысы әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тартудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Үкіметке биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар, Президент кадрларды даярлау, туризмнің әртүрлі бағыттарын, соның ішінде Астана төңірегіндегі туризмді белсенді дамыту арқылы елдің экономикалық өсуіне үлес қосуды да міндеттеді.

– Қазақстанның әр аймағы туризм үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Мысалы Қарағанды облысы индустриялық аймақ болса да, әдемі табиғи жерлерге бай. Қарқаралы мен Балқашты алайық – бұл өңірлер туристер үшін тартымды аймақтар. Индустрия экономикаға негіз болса, туризм де сол экономиканың дамуына тікелей ықпал етеді. Индустриялық аймақ болғандықтан, қазір жаңа зауыттар мен фабрикалар бой көтеруде, сәйкесінше шетелдік инвесторлар саны артып келеді. Егер осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сервисті дамытуға көңіл бөлсек, Қазақстанымыз шетелдік стандарттардан еш кем болмайтын деңгейге жетеді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Екатерина Смолякова.

 

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»