Туған жерге туың тік

Қазақ халқының өз тарихында талай- талай зобалаң, зұлматты жылдарға толы қилы замандарды басынан өткергені белгілі. Халқымызды қынадай қырған ұлы аштықтан кейін 1933 жылдың көктемінде аман қалған ауылдар бас құрап, мойынсерік ТОЗ-ға ұйымдасты. Солардың бірі Жаңаарқа ауданының қазіргі Ескене ауылы да «Үлгілі», «Талдыбұлақ», «Ленин», «Оқ көмген», «Қызылоба» сияқты ұсақ мойынсеріктерге бірігіп, кейіннен іріленіп колхозға айналған, бір кездері кеңестік дәуір салтына сай «Ленин» колхозы атанғанын қазіргі уақытта кейінгі толқын жастар түгілі, аға ұрпаққа айнала бастаған біздің замандастарымыз да ұмыта бастаған.

«Азаматына қарап ауылын таны» демекші, әр ауылдың өзінің абырой тұтар тұлғасы болады. Солардың бірі, ел азаматы Әбілғазы Күленов ағамыздың тағдыры мен өнегелі істері көпке үлгі боларлық. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын-қыстау кезеңге қарамай Талдыбұлақ орталау мектебінің бүгінгі, яғни орта мектеп дәрежесіне жетуіне бірден-бір себепкер болған осы ауылдың тумасы Әбекеңнің бастамашыл еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Сол бір қиындығы мен қызығы қатар өрілген уақытты жұбайы Зекен апайымыз: «Әбекең 1949 жылы Қарағанды пединститутының тарих бөлімін бітіріп, Талдыбұлақ мектебіне мұғалім болды. 1950 жылы Талдыбұлақ мектебін Ескене баурайына көшіру үшін мектепті Әкем екеуі (атасы Күлен ақсақалды келіндік ізетпен Әкем деп атаған. — Д.Е.) өгіз арбамен кірпіш құйғызып, барлық құрылыс жұмысын басқарып өзі салғызды. Осы мектепке Әбекең директор болып тағайындалды», — деп еске алады. 1930 жылдары қаланған үш жылдық «Үлгілі» бастауыш мектебі болып ашылған білім ордасы тарихы елуінші жылдары жаңа бір белеске шығып, Әбекең директор болған жылдары сегіз жылдық мектепке айналды.

Алдына қойған мақсатына тек жүйелі білімнің арқасында ғана жететінін жете түсінген Әбекең соғыс аяқталғаннан соңғы 1946 жылы аудан орталығындағы № 1 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, өзі сияқты тағдырлас жолдастарымен Қарағандыдағы Молотов атындағы мұғалімдер институтының тарих факультетінің (1949) студенті болып қабылданған. Әбекең білімін әрі қарай жалғастырып, 1961 жылы осы Қарағанды педагогикалық институтын сырттай оқып бітіріп, жоғары білімді педагог дипломына ие болды. Ұстаздық еңбек жолын 1949 жылы Талдыбұлақ жеті жылдық мектебінде мұғалім болудан бастап, тарих, география және орыс тілі пәндерінен сабақ берген, 1951–1954 жылдары осы мектептің директоры қызметінде білім беру жолында ұйымдастырушылық қабілетімен танылған жас маман аудандық партия ұйымының ұсынысымен заман талабына сай құрылған Жаңаарқа аудандық машина- трактор станциясының (МТС) аймақтық инспекторы (1954–1955) қызметіне кіріседі. Осылайша «партия сарбазына» айналған жас маман 1955–1961 жылдары қайтадан ұстаздық қызметке жіберіліп, алдымен аудан орталығындағы Ленин атындағы орта мектепте мұғалім, Карл Маркс, Рассвет және Ленин атындағы колхоздарда мектеп директоры лауазымдарын абыроймен атқарады. Орда бұзар отыз жасына жетпей-ақ бұдан кейінгі еңбек жолдары Дружба кеңшарының партком хатшысы (1961–1965), аупарткомның идеология жөніндегі хатшысы (1965–1971), ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау мен сапасы жөніндегі аудандық инспекцияның мемлекеттік бас инспекторы (1971–1975), аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы (1975–1979) сияқты жауапты қызметтермен жалғасып жатты. Қай қызметте жүрсе де табандылық танытып, табиғи тазалығын сақтап, білімі мен парасатын көрсете білген Әбекең 1979 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Өмірінің соңғы 1979–1983 жылдары аралығында Целинный совхозының директоры қызметінде жүріп, 1884 жылы 27 тамызда бар-жоғы 57 жыл абыройлы ғұмыр кешкен, халқына бергенінен берері көп толысқан кемел жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан жасын ғұмыр өмірден озған еді.

Туған жерге тағзым» аясында Ескене ауылының қалыптасып көркеюіне зор үлес қосқан, алпыс жасқа жетер- жетпес ғұмыр сүрсе де, халқына, туған ел, жұртына осыншама ізгілік нұрын шашып кеткен ұлағатты ұстазды есте қалдыру мақсатында Далбай Ізтөлеуов «Жаңаарқа» газетінде (08.10.1997), Ұзақбай Мұқышұлы және Қалиақпар Әбілдин «Орталық Қазақстан» газетінде (25.09.2004 және 15.08.2009) ел ардақ тұтқан тұлғаның есімін ауыл мектебіне беру мәселесін көтерген болатын. Біз де осы ардагерлердің ауылдағы білім ошағын «Әбілғазы Күленов атындағы Талдыбұлақ орта мектебі» деген ресми атауға лайық деген ұсыныстарын бүгінгі күні де өзекті екендігін атап өтуді өзімізге парыз санадық.

Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ,

т. ғ. к.,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Қазақстан мәдениетінің ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері