ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ДАМУ КІЛТІ

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек өңір тұрғындарымен кездесті. Халық арасында салаға қатысты жиі кездесетін мәселелерді көтеріп, сапалы қызметке қол жеткізудегі жоспарын бөлісті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрінің өңірімізге сапары ведомствоның қызметі мен жобаларын талқылаудан басталды. Мысалы, Қарағанды облысында 94 ауыл мектебі Starlink спутниктік жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда 6,3 млн отбасы деректері цифрландырылған. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды анықтауға және 25 әлеуметтік маңызды қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты вице-министр Асхат Оразбек.

– Көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған адамдарға арналған жәрдемақылар мен төлемдер – бәрі онлайн жүйе арқылы жүзеге асады. Бүгінгі таңда осындай 800 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Сондай-ақ Қарағанды облысындағы 106 мектептің 94-і Starlink спутниктік жүйесіне қосылған.

Ұлттық жоба аясында Қарағанды облысының 13 ауылы KazSat спутниктік жүйелері арқылы интернет желісіне қосылған. Абай ауданына қарасты Сәрепті ауылының вице-министр келетінін естіген тұрғындары да кездесуге арнайы келген. Солардың бірі – Ментай Иван.

– Біздің ауыл үшін интернет сапасы төмен. Кейде істемей қалады. Свет сөнсе, қатар өшіп қалады. Осыны қолға алып, мәселемізді шешіп берсеңіздер екен, – деді ол.

Вице-министр Асхат Оразбек аталған аумаққа қызмет көрсететін байланыс операторы өкілдеріне мәселені бірден қарап, тиімді жолдарын табу қажетін атап өтті. Басқосуда электронды қызмет, жасанды интеллект, ауылшаруашылығына тиімді сандық технологияны жандандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Қызмет сапасын арттыруға байланысты жыл соңына дейін қосымша 18 базалық станция, 2025 жылы 27 базалық станция орнату жоспарлануда. Барлығы 58 базалық станция орнатылады.

– Айта кетейік, министрлік Қарағанды облысының әкімдігі және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп 2024-2027 жылдарға арналған байланыс және мобильді интернетті дамыту жол картасын әзірлеп, қол қойды. Бұл құжатқа проблемалық барлық мәселе және олардың шешу жолдары енгізілген. «Beeline» операторы тарапынан облыстың 13 ауылын кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар облыстың 15 елді мекенін ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді вице министр.

Вице-министр халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы, мемлекеттік қызмет көрсету, ел мен өңірдегі телеком және IT саласының дамуы туралы кеңінен тоқталды. Кездесу соңында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, бірқатар мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»